Telegram мессенджерінің негізін қалаған Павел Дуров "Ұлыбритания азаматтығын алғаны" туралы ақпаратты жоққа шығарды деп жазады TJournal интернет басылымы.
Бұған дейін ресейлік басылымдар "Дуровқа британ азаматтығы берілген" деп хабарлаған. Олар Ұлыбритания Тіркеу палатасының сайтында Telegram Open Network Ltd заңды тұлғасы жайлы ақпарат шыққанын ондағы мәліметте компанияның Павел Дуровтың атына тіркелгені, ал Дуровтың азаматтығы British (британды) деп көрсетілгені туралы жазған.
Жұма күні "Роскомнадзор" мекемесі Ресей аумағында Telegram мессенджерінің қызметін шектеуді сұрап, сотқа жүгінген. Мекеме сотқа шағымды Telegram Messenger компаниясы Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (немесе ФСБ) мессенджер қолданушыларының хат-хабарын шифрлау кілтін беру туралы талабын орындамаған соң түсіргенін айтады.
Бұған дейін Қазақстан билігі Telegram мессенджері басшылығына Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының каналын жабуды сұрап ресми хат жолдағаны туралы ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев хабарлаған. Министрлік мессенджерді ҚДТ материалдарын жоюға немесе Қазақстан аумағында таралуын шектеу шараларын жасауға шақырған.
"Егер сот шешімі орындалмаса, министрлік Қазақстан заңдарына сай мессенджердің Қазақстан аумағында таралуын шектеп, толық бұғаттап тастау шараларын жасауы мүмкін" деп ескерткен Абаев.