Accessibility links

Астана Telegram-нан ҚДТ каналын жабуды талап етті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан билігі Telegram мессенджері басшылығына Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының каналын жабуды сұрап хат жолдады. Бұл жайында ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев өзінің ресми блогында мәлімдеді.

Дәурен Абаев блогына "Қазақстан азаматынан түскен сауалға" жауабында министрлік Telegram басшылығына Қазақстан сотының шешімін орындауды сұрап ресми хат жолдағанын айтады. Министрлік мессенджерді қозғалыс материалдарын жоюға немесе Қазақстан аумағында таралуын шектеу шараларын жасауға шақырған.

"Қазір ескерту хат Telegram мессенджері әкімшілігінің қарауына түсті. Егер сот шешімі орындалмаса, министрлік Қазақстан заңдарына сай мессенджердің Қазақстан аумағында таралуын шектеп, толық бұғаттап тастау шараларын жасауы мүмкін" деп жазады Абаев.

Азаттыққа ақпарат және коммуникация министрлігінен мессенджерге ескерту хаттың қашан жіберілгені және хат мазмұны туралы әзірге толық ақпарат алу мүмкін болмады.

Оқи отырыңыз: ҚДТ жақтаушыларын полицияға шақыра бастады

Қазақстан билігі наурыздың ортасында қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағындағы қызметіне тыйым салған. Тыйымнан соң бірден ресми органдар қазақстандықтарды бұл қозғалысты қолдамауын ескерткен. Ал елде "қозғалысты қолдады" деген бірнеше адамға қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG