Accessibility links

Атамбаев "Ата-Бейіттегі" еске алу шарасына қатыспады


2010 жылғы сәуір оқиғасы құрбандарын "Ата Бейіт" мемориалдық кешенінде еске алу шарасына қатысушылар. 7 сәуір 2018 жыл
2010 жылғы сәуір оқиғасы құрбандарын "Ата Бейіт" мемориалдық кешенінде еске алу шарасына қатысушылар. 7 сәуір 2018 жыл

Бүгін Бішкек маңындағы "Ата Бейіт" мемориалдық кешенінде өткен 2010 жылғы сәуір оқиғалары құрбандарын еске алу рәсімінде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен экс-президент Роза Отунбаева болды, тағы бір бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев бұл шараға қатыспады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Шара өткеннен кейін жақында Атамбаевты төрағалыққа сайлаған Қырғызстан социал-демократиялық партиясының хатшылығы экс-президенттің "денсаулық жағдайына байланысты" бүгінгі жиынға қатыса алмағаны жайлы хабарлады.


Сәуірдің 7-і күні "Ата Бейіт" мемориалдық кешенінде өткен Қырғызстандағы 2010 жылғы сәуір оқиғасы құрбандарын еске алу шарасына қазіргі президент Жээнбеков пен экс-президент Отунбаевадан басқа сегіз жыл бұрынғы оқиғалар кезінде қаза тапқандардың туыстары мен зардап шеккендер, Жогорку Кеңеш спикері Дастан Жумабеков, премьер-министр Сапар Исаков, үкімет мүшелері, депутаттар, мемлекеттік органдар жетекшілері мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысқан.

Бұған дейін Қырғызстан президенті аппаратының ақпараттық саясат бөлімі сенбі күні өтетін шараларға экс-президент Алмазбек Атамбаевтың шақырылғаны туралы хабарлаған.

Бұдан бір жыл бұрын, 2017 жылғы сәуірдегі еске алу шарасына экс-президент Роза Отунбаева қатыспаған еді. Өткен жылы күзде жаңадан сайланған президент Жээнбековтің ант беру рәсіміне шақырылғандар арасында экс-президент Роза Отунбаева болмаған.

2010 жылғы сәуірдің 7-і күні Бішкектегі үкімет үйі алдында оппозицияның билікке қарсы шеруі кезінде атылған оқтан 86 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Сәуір оқиғалары нәтижесінде биліктен тайдырылған Қырғызстанның екінші президенті Құрманбек Бакиев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен жіберілген әскери ұшаққа мініп шетелге қашқан.

XS
SM
MD
LG