Accessibility links

Апелляция Ардақ Әшімді мәжбүрлеп емдеуден босатпады


Ардақ Әшім, шымкенттік азаматтық белсенді.
Ардақ Әшім, шымкенттік азаматтық белсенді.

12 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облыстық соты шымкенттік белсенді Ардақ Әшімді бір айға жүйке аурулары ауруханасында мәжбүрлеп емдеу туралы Абай аудандық соты шығарған қаулыға қарсы туыстары түсірген апелляциялық шағымды қанағаттандырмады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Жабық өтіп жатқан сот отырысын сыртта бақылап тұрған қоғамдық ұйым өкілдері мен белсенділер және журналистерге Ардақ Әшімнің қызы Айнұр Әшімова сот апелляциялық шағымды қанағаттандырмағанын айтты.

- Судья Бүркіт Байдуллаевқа өз дәлелдерімізді барынша келтірдік. Бірақ есепке алынбады. Судья шағымымызды қанағаттандырмады, - деді Айнұр Әшімова.

Облыстық соттың баспасөз қызметі Азатттыққа апелляциялық шағымның қанағаттандырылмағанын, Абай аудандық сотының қаулысы күшінде қалғанын растады.

Сот отырысына Ардақ Әшімнің қызы Айнұр Әшімова мен оның адвокаты, тергеуші Бақытжан Сыдықов, сот психиатриялық сараптама жүргізген сарапшының бірі, облыстық жүйке аурулары ауруханасының дәрігері қатысты.

Айнұр Әшімова апелляциялық шағымда белсендінің заңды жеті құқығы бұзылғанын көрсеткен.

Абай аудандық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы қаулыны 27 наурызда шығарған. Сот қаулысында 20 наурызда Ардақ Әшімге қатысты сот психиатриалық сараптама жасалғаны айтылады. Сараптама қортындысында Ардақ Әшімнің "2015 жылдан бері созылмалы психикалық аурумен ауыратыны" жазылған.


Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылғаны хабарланған.

Бұдан бұрын полиция қызметкерлері Ардақ Әшімнің Шымкенттегі үйін тінткеннен кейін оны ОҚО ішкі істер департаментіне апарған. Белсендінің айтуынша, тергеушілер одан Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қаншалықты қатысы барын сұраған және одан наурыздың 21-і мен 24-і аралығында ешқайда шықпау туралы қолхат алған соң босатқан.

Бұған дейін Абай аудандық сотының судьясы Еркен Отарбаев сот тергеуі кезінде Ардақ Әшім Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны анықталғанын", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғанын айтқан.

XS
SM
MD
LG