Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ұлыбританияның Солсбери қаласында уландырылған Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның ісі бойынша Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымның шығарған қорытындысына күмән келтірді.
Сенбі күні Мәскеуде сөйлеген сөзінде Сергей Лавров Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның осы аптада жариялаған есебінде Швейцарияның Шпиц қаласындағы зертхананың ақпаратын пайдаланбағаны туралы айтқан. Оның сөзінше, аталған зертхана мамандары Скрипальдардың улану белгілері BZ деп аталатын улы заттың әсеріне ұқсас екенін анықтаған. Лавров әлгі улы зат Батыс елдерінде бар деп мәлімдеген.
Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның әзірлеген есебінің жария бөлігінде ресейлік бұрынғы барлау офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улау үшін қолданылған заттың құрамына қатысты Ұлыбританияның қорытындысымен ұйым сарапшыларының келісетіні айтылған. Есептің жабық бөлігінде әлгі заттың формуласы келтірілген. Лавровтың сөзінше, ол – "көптеген елдерде шығарылған" заттың формуласы. Ұлыбритания билігі әкелі-балалы Скрипальдарды Ресейде дайындалған "Новичок" атты жүйкені жансыздандыратын затпен уландырған және бұл қастандыққа Ресейдің қатысы бар деп санайды.
Мәскеу бұл айыптауларды теріске шығарады.
Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым мен швейцариялық зертхана министр Лавровтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.
Лондон "Скрипаль ісін" тергеу аясында ресейлік 23 дипломатты елден шығарған. 20 шақты мемлекет Ұлыбританияға қолдау көрсетіп, жиыны 100-ден астам ресейлік дипломатты еліне қайтарған.