Accessibility links

Мэттис: Асад режиміне әуе соққысымен белгі бердік


Сирия астанасы Дамаск. 14 сәуір 2018 жыл
Сирия астанасы Дамаск. 14 сәуір 2018 жыл

АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис Сириядағы нысаналарға қарсы соққы Башар Асад режимін химиялық қару қолдану мүмкіндігінен айыруды және Сириядағы бейбіт тұрғындар арасында құрбан саны неғұрлым аз болуын көздеп жасалғаны туралы мәлімдеген.

Оның айтуынша, әуе шабуылы кезінде химиялық қару әзірлейтін зерттеу орталығы мен химиялық қару қоймасы нысанаға алынған. Пентагон басшысы "Думада химиялық қару қолданғаны үшін Сирия билігі жауап беруі тиіс" деп санайды.

АҚШ штаб басшыларының бірлескен комитетінің жетекшісі генерал Джозеф Дэнфорд Сирияға қарсы әуе шабуылының алғашқы легі аяқталғаны туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ Ұлыбритания және Франциямен бірлесіп "жоғары дәлдікпен" жасалған әуе шабуылы туралы Ресейге алдын ала ескертілмеген.


Министр Джеймс Мэттистің сөзінше, "бір реттік" шабуылдың мақсаты - Башар Асад режиміне "күшті белгі" беру.

"Өткен жылы жасалған белгіні Асад режимі қабылдамады. Бұл жолы одақтастарымызбен бірге бұрынғыдан күшті соққы жасадық. Біз Асад пен оның қоластындағы кісі өлтірушілерге жауапкершілігін өздері көтеретін химиялық шабуылды қайталамауды ескертіп белгі бердік", - деген Пентагон басшысы.

Жұма күні кешкісін АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияның Дума қаласында жақында жасалған ықтимал химиялық шабуылға байланысты президент Башар Асад үкіметі бақылауындағы нысандарды "жоғары дәлдікпен" зымыранмен атқылауға бұйрық бергені туралы жариялаған. Ақ үй басшысы Сирияға қарсы соққыны Ұлыбритания мен Франция қолдап отыр деп мәлімдеген. Трамп Думадағы химиялық шабуыл Сирияның химиялық қаруын жою жайлы Ресейдің бұған дейін берген сөзінде тұрмауының кесірінен болды деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG