Accessibility links

Столтенберг: НАТО елдері Сирияға қарсы зымыран шабуылын қолдады


НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг. Брюссель, 12 сәуір 2018 жыл
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг. Брюссель, 12 сәуір 2018 жыл

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг ұйымға мүше барлық елдер сенбіге қараған түні Сирияға қарсы зымыранмен соққы берген АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның іс-қимылына қолдау білдіргені туралы мәлімдеді.

Столтенберг бұл мәлімдемесін НАТО-ның бас саяси органы – Солтүстікатлантикалық кеңес отырысынан кейін жасаған. Оның айтуынша, НАТО елдері жағдайдың ушығуын қаламайды және Ресейді Дамаскіні Сириядағы жанжалды реттеу келіссөздеріне қатысуға көндіруге ықпал етуге шақырады.


Дума қаласындағы ықтимал химиялық шабуылға жауап ретінде АҚШ пен одақтастарының Сирияға қарсы жасаған зымыран соққыларына қолдау білдіргендер арасында Германия канцлері Ангела Меркель, Канада премьер-министрі Джастин Трюдо, Испания премьер-министрі Мариано Рахой, Түркия президенті Режеп Ердоған мен Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск бар. Олардың барлығы зымыран соққылары химиялық қарумен байланысы бар нысандарға берілгенін атап айтқан. Зымыран шабуылына қолдау білдірген елдердің кейбірі бұған дейін өздері оған қатыспайтыны туралы мәлімдеген болатын.

Сирияға қарсы зымыран соққысына Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері де қолдау білдірген.

АҚШ, Ұлыбритания мен Франция зымыран шабуылы сәтті өтті және нысаналардың барлығы жойылды деп мәлімдеген. Ресей Сирияға қарсы ұшырылған зымырандардың үштен екіге жуығын сириялық әуе шабуылынан қорғаныс жүйесі атып түсірген деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG