Accessibility links

АҚШ елшісі: Сирияға соққы бермес бұрын Ресейге айттық


АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі Джон Хантсман
АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі Джон Хантсман

АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі Джон Хантсман Құрама Штаттар сенбіге қараған түні Ұлыбритания мен Франциямен бірге Сириядағы нысаналарға зымыранмен соққы беруіне байланысты Ресеймен байланыста болғаны туралы мәлімдеді.

"АҚШ қандай да бір іс-қимылға барғанға дейін ресейлік күштер немесе бейбіт тұрғындардың құрбанға айналу қаупін азайту мақсатында Ресей Федерациясымен байланысты", - деген Хантсман "Америка дауысы" жариялаған видеоүндеуінде.

АҚШ елшісінің Сирия жайлы үндеуі:

Хантсманның сөзінше, бұл үндеу АҚШ пен одақтастарының Сириядағы іс-қимылының себебін ресейліктер тікелей АҚШ елшісінің өзінен естісін деген мақсатты көздеген. Оның мәлімдеуінше, әскери іс-қимылдардың мәні Сирия президенті Башар Асадтың режиміне химиялық қару қолдануына тосқауыл қою болған, зымыран соққысы химиялық қару дайындау мен сақтауға қатысы бар нысандарға қарсы жасалған.


Сенбіге қараған түні АҚШ пен одақтастары Ұлыбритания және Франция осыдан бір апта бұрын Дума қаласында химиялық қарумен жасалған шабуылға жауап ретінде Сириядағы үкімет бақылауындағы кей нысандарға әуеден соққы берген. Пентагон мәліметінше, Сириядағы үш нысанаға 105 зымыран жіберілген. Әзірше америкалық әскерилер де, Сирия билігі де зымыран шабуылы салдарынан құрбан болғандар туралы дерек жариялаған жоқ.

Мәскеу мен Дамаск Думада химиялық шабуыл болғанын жоққа шығарып, химиялық қару туралы хабарларды "арандату" деп атаған. Ресей президенті Владимир Путин Сирияға зымыран соққысын "агрессия" деп бағалаған.

XS
SM
MD
LG