Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі ресейлік қарар жобасын қолдамады


БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі дауыс беру. Нью-Йорк, 4 сәуір 2018 жыл

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі сенбіде өткізген шұғыл отырысында Ресей ұсынған АҚШ пен одақтастарының Сирияға соққы беруін айыптайтын қарар жобасын қабылдамады.

Қарар жобасын Ресейдің өзін қосқанда үш ел қостап, сегіз мемлекет қарсы дауыс берген. Қалыс қалған төрт елдің арасында Қазақстан да бар.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя қарар жобасына дауыс беру аяқталғаннан кейін Мәскеудің ұсынысы қолдау таппағанына қынжылыс білдіріп, "бұдан да жаман күнді көрмеспіз деп сенгің келеді" деген. Ол бір кездері Совет одағында шыққан "Әлемге қауіп қайдан" деген кітапты есіне алып, АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның "қатер төндіретінін" айтқан.


Ресей ұсынған қарар жобасында сенбіге қараған түні АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның Думадағы ықтимал химиялық шабуылға жауап ретінде Сириядағы нысаналарға зымыранмен соққы беруін айыптаған.

БҰҰ жанындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейли АҚШ пен одақтастары "негізделген әрі сай" іс-қимыл танытты деп айтқан. Оның сөзінше, АҚШ бұған дейін Башар Асад режимінің химиялық қару қолдануына жол бермеуге бағытталған барлық талпыныстарға Ресей бірнеше рет бөгет қойып, қайтарып тастағаннан кейін нақты іс-қимылға көшкен.

"Соққы айқын жолдау болды: біз Асад режиміне химиялық қару қолдануына жол бермейміз. Егер режим оны қайта қолданатын болса, біз тағы іс-қимылға көшеміз", - деп ескерткен АҚШ өкілі.

Ұлыбритания мен Франция өкілдері Сирия дағдарысын дипломатиялық жолмен шешудің маңызы және Сириядағы тезірек бітім орнатып, Женева келісімдерін жалғастыру қажеттігі туралы мәлімдеген. Франция өкілі өз елі көп ұзамай Сирия бойынша қарар жобасын ұсынатынын хабарлаған.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қауіпсіздік кеңесіне мүше барлық елдерді Сириядағы жағдайды одан ары ушықтыруға жол бермеуге және БҰҰ жарғысын сақтауға шақырған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз елі Сириядағы ахуалдың ушыға түсуіне байланысты алаңдаушылық танытып отырғанын айтып, тараптардың барлығын БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтауға, Сириядағы жанжалды бейбіт түрде саяси жолмен реттеуге шақыратыны туралы мәлімдеген.

Сенбіге қараған түні АҚШ пен одақтастары Ұлыбритания және Франция осыдан бір апта бұрын Дума қаласында химиялық қарумен жасалған шабуылға жауап ретінде Сириядағы үкімет бақылауындағы кей нысандарға әуеден соққы берген. Пентагон мәліметінше, Сириядағы үш нысанаға 105 зымыран жіберілген. Мәскеу мен Дамаск Думада химиялық шабуыл болғанын жоққа шығарып, химиялық қару туралы хабарларды "арандату" деп атаған.

Ресей президенті Владимир Путин Сирияға зымыран соққысын "егеменді елге қарсы жасалған агрессиялық акт" деп атап, Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақырған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

AzatNews 22.05.2018
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:35 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG