Accessibility links

Пенс: Сирия химиялық қаруды қайта қолданса жазасын алады


АҚШ вице-президенті Майк Пенс
АҚШ вице-президенті Майк Пенс

АҚШ вице-президенті Майк Пенс Сирия билігін егер тағы да химиялық қару қолданатын болса Құрама Штаттардың оған жауап қайтаратыны туралы мәлімдеген.

Сириядағы дағдарысқа байланысты Вашингтонда қалған АҚШ президенті Дональд Трамптың орнына Перудегі Америка құрлығы елдері саммитіне қатысқан вице-президент Пенс Башар Асад режимі мен оның "жебеушілері» егер "ерлер, әйелдер мен балаларға» қарсы тағы да уландырғыш зат қолданатын болса, сол үшін жауап беретін болады деп ескерткен.

Бұған дейін президент Трамп Асад режимін химиялық қару қолдану мүмкіндігінен айыру үшін АҚШ "күш-жігерін жалғастыруға дайын» деп мәлімдеген. Егер химиялық шабуыл қайталанатын болса жаңадан соққылар жасалатыны туралы БҰҰ-дағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейли де айтқан болатын.


АҚШ, Ұлыбритания мен Франция Сириядағы нысаналарға соққы бергеннен кейін президент Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына "Миссия сәтті орындалды" деп жазған.

АҚШ мемлекеттік департаменті мен Пентагон АҚШ-тың Сириядағы стратегиясы өзгермейді және басты мақсаты – "Ислам мемлекеті» экстремистік тобымен күрес болып қала береді деп мәлімдеген. Сонымен бірге кей саясаткерлер, мысалы, Сенат мүшесі Джон Маккейн президент Трампты Башар Асад пен оның режиміне қарсы бұдан да қатаңырақ іс-қимылдар жасауға шақырған.

Сенбіге қараған түні АҚШ, Ұлыбритания мен Франция осыдан бір апта бұрын Дума қаласында ықтимал химиялық қарумен жасалған шабуылға жауап ретінде Сириядағы үкімет бақылауындағы кей нысандарға әуеден соққы берген. Пентагон мәліметінше, Сириядағы үш нысанаға 105 зымыран жіберілген. Әзірше америкалық әскерилер де, Сирия билігі де зымыран шабуылы салдарынан құрбан болғандар туралы дерек жариялаған жоқ.

Мәскеу мен Дамаск Думада химиялық шабуыл болғанын жоққа шығарып, химиялық қару туралы хабарларды "арандату" дейді. Ресей президенті Владимир Путин Сирияға зымыран соққысын " агрессия" деп бағалаған.

XS
SM
MD
LG