Accessibility links

Өзбекстан телерадиокомпаниясы арнайы "куратордан" арылған


Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясы түсіру тобы. (Көрнекі сурет)
Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясы түсіру тобы. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясы төрағасының қауіпсіздік мәселелері жөніндегі орынбасары Абдусалом Шодмонов қызметінен алынды деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик).

Ұлттық телерадиокомпанияға қарайтын телеарналардың бірінің бас редакторының Озодликке айтуынша, 44 жастағы Шодмонов сәуірдің 6-сы күні жұмыстан босатылған. Қызмет міндеті бойынша ол ұлттық телерадиокомпания құрамын "жаппай бақылауды ұстау", сонымен бірге қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және босату мәселелерімен айналысып келген.

Абдусалом Шодмонов жұмыстан босатылғаннан кейін Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясында ол атқарып келген төраға орынбасары лауазымы да қысқартылған деп хабарлады Озодлик тілшісіне мемлекеттік телекомпанияда істейтін журналистердің бірі.

- Бұған дейін Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасындағы Ұлттық қауіпсіздік қызметі (қазір Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі деп аталады – Азаттық.) кураторы болып істеген адам жұмыстан кеткеннен кейін оның атқарып келген лауазымы қалай қысқарса, Шодмонов істеген қызмет лауазымы да тура солай қысқартылды, - дейді өзбекстандық журналист.


Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясында 21 жыл жұмыс істеген, қазір Ташкентте тұратын тәуелсіз журналист Малохат Эшанкулова "ұлттық телерадиокомпания төрағасының қауіпсіздік мәселелері жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалатын Ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілі ұжымдағы журналистердің қызметін бақылаумен айналысқанын" айтады. Оның сөзінше, осы қызметті атқаратын орынбасардың басшылығымен телеарнада "оппозиция өкілдерін, діндарларды, парақорлық айыбы тағылған шенеуніктерді қаралайтын арнайы бағдарламалар дайындалған".

Бұған дейін Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы мен мешіттерде арнайы қызметтерден тағайындалған "кураторлардың" жұмыстан босатылғаны туралы Азаттық хабарлаған.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік қызметі кураторларын мешіттерден аластай ма?

XS
SM
MD
LG