Accessibility links

Шетел құқық қорғаушылары Астананы Жәкішевті босатуға шақырды


Антонио Станго (сол жақта) және Марчин Свенчицкий баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 17 сәуір 2018 жыл.

Қазақстанда қамаудағы кейбір "саяси тұтқындармен" кездескен шетелдік бір топ құқық қорғаушы 17 сәуірде Алматыда баспасөз конференциясын өткізді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Польша Сеймінің (парламент) депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго және Румыния мен Испания құқық қорғаушылары Қазақстанға 14 сәуір күні қазақстандық құқық қорғау ұйымдарының шақыруымен келген. Олар бүгінге дейін Алматыда қамаудағы бизнесмен Ескендір Ерімбетов, белсенділер Алмат Жұмағұлов және Кенжебек Әбішевпен және Ардақ Әшім мен Мұхтар Жәкішевтің адвокаттары және туыстарымен кездескен.

Жиында құқық қорғаушылар кінәсіздік презумпциясының маңызды екенін, бірақ кейбір қазақстандық белсенділерге қатысты тергеуде бұл принцип сақталмайтынын айтты. "Құқық қорғау органдары Жұмағұлов пен Әбішев жайлы презентация жасады. Адамдар кінәлі деп ойлауы үшін видеода оларды кінәлі етіп көрсеткен. Жұмағұлов және Әбішевпен кездестік. Менің ойымша, оларды айыптайтындай нақты фактілер аз болып көрінді" деді Марчин Свенчицкий.

Ол Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев өздеріне тағылған "терроризмді насихаттау" айыбын мойындамайтынын айтты.

Құқық қорғаушылар сот блогер Ардақ Әшімді "қолдан жасалған медициналық құжат негізінде" ауруаханаға жатқызуға шешім шығарғанын айтты. Мартин Свенчицкийдің сөзінше, Қазақстан ішкі істер министрі егер бұл расталса, оны қолдан жасағандар жазаға тартылатынына уәде берген.

Жиында шетелдік құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитеттің "Қазатомөнеркәсібі" компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті босату туралы шешімін орындауды талап ететінін айтты. Олар Астананы қамаудағы Ерімбетов, Әшім, Жұмағұлов және Әбішевті бұлтартпау шарасын өзгертуге шақырды.

Шетелдік құқық қорғаушылар Қазақстандағы сот процестерінде дисбаланс барын, өйткені құқық қорғау органдары, сот және ҰҚК бір жақ болып әрекет еткендей көрінетінін айтты. "Айыпталушылардың құқығы айыптау мүмкіндігімен тең емес. Осыны реттеуді тапсырдық. Біз мемлекетті заңға қарсы нәрсеге шақырып тұрған жоқпыз, тек халықаралық міндеттемені іске асыруға шақырып отырмыз" деді Антонио Станго.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

     

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Түрксіб темір жолы қалай салынып еді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00
XS
SM
MD
LG