Қырғызстанның Тогуз-Торо ауданындағы тәртіпсіздікке қатысты қылмыстық іс аясында 15 адам ұсталды. Бұл туралы Атай ауылдық кеңесінің төрағасы Уланбек Шерипов хабарлады.
Оның айтуынша, ұсталғандар арасында үш әйел бар. Шерипов милицияның әрекетіне наразы халықты басу үшін аудан орталығына бара жатқанын айтты.
Ішкі істер министрлігі баспасөз орталығының басшысы Бакыт Сейітов Тогуз-Тородағы алтын өндіру фабрикасы құрылысындағы тәртіпсіздіктен соң 130 адам тергелгенін, оның он шақтысы Жалал-Абад облыстық ішкі істер басқармасына жеткізілгенін айтты.
Сейітов нақты қанша адам ұсталғаны айып тағылған соң анық белгілі болатынын жеткізді.
Ішкі істер министрлігі "бұзақылық" және "мүлікті әдейі бұзу немесе бүлдіру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.
11 сәуірде Жалал-Абад облысына қарасты Тогуз-Торо ауылының тұрғындары Макмал кентіндегі "Джи Эл Макмал Девелопинг" компаниясының бірнеше ғимараты мен арнайы техникаларын өртеп жіберген. Сонымен бірге олар милиция қызметкерлері мен комиссия мүшелерін таспен атқылаған.