Accessibility links

Ақтөбеде туыстары наразылық танытқан адамға сот үкім кесті


Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Ақтөбеде "адам ұрлады" деп айыпталған Нұрслан Жоланов Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 18 сәуір күнгі үкімімен 18 жылға сотталды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Тергеу Нұрслан Жолановқа Қылмыстық кодекстің 126-бабы 2-бөлімінің 1,3-пункттері ("Бас бостандығынан заңсыз айыру"), 125-бабы 2-бөлімінің 1,3,7-пункттері ("Адам ұрлау"), 191-бабының 1-бөлімі ("Тонау"), 188-бабы 2-бөлімінің 2-пункті ("Ұрлық"), 99-бабы 2-бөлімінің 3-пункті ("Адам өлтіру") бойынша айып таққан. Бұл қылмыстық іс бойынша сотқа Нұрслан Жолановпен бірге оның әкесі Нұрулла Жоланов та тартылған.

Жұбайы мен ұлы істі болған Алмагүл Жоланованың айтуынша, 2017 жылғы 8 тамызда бейтаныс бес адам олардың үйлерін тонамақ болған.

- Түнгі үштердің шамасында ит үріп, оянып кеттім. Терезеден қарасам, аулада бір топ адам жүр екен. Ұлым олардың біреуін ғана ұстап алды. Қалғандары қашып кетті. Қолға түсіп қалған жігітті жертөлеге қамап, қасындағылардың мекенжайын білді. Балам сол бойы ашумен барып, қарақшылардың бірін өлтіріп алған. Кейін полицияға өз аяғымен барып, адам өлтіргенін мойындады. Енді полиция баламды адам ұрлаушы етіп отыр. Ол адам ұрлаған жоқ! - дейді сот үкімімен келіспей отырған Алмагүл Жоланова.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 18 сәуір күнгі үкімімен Нұрслан Жолановпен бірге оның әкесі Нұрулла Жолановқа да түрме жазасы кесілді. Сот Нұрулла Жолановты Қылмыстық кодекстің 126 бабының 2-бөлімі 1-пункті бойынша айыпты деп тауып, 2 жылға бас бостандығынан айырды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Наурыздың 26-сы күні Жолановтың туыстары Ақтөбе облыстық прокуратурасының алдына барып, наразылық білдірген.

XS
SM
MD
LG