Accessibility links

Алмат Жұмағұловты қамау мерзімі тағы 1 айға ұзартылды


Алмат Жұмағұлов өзін бұлтартпау шарасын тағайындаған сотта отыр. Алматы, 19 сәуір 2018 жыл.
Алмат Жұмағұлов өзін бұлтартпау шарасын тағайындаған сотта отыр. Алматы, 19 сәуір 2018 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотының тергеу судьясы Марал Жарылғасова 19 сәуір күні азаматтық белсенді, "терроризмге шақырды" деген күдікті Алмат Жұмағұловты қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартты. Сот қаулысы бойынша, Жұмағұлов қамауда кем дегенде 28 мамырға дейін отырады. Судья Жарылғасова қаулыға үш күн ішінде шағымдануға болатынын айтты.

Алматы прокуратурасының өкілі Әділхан Сабыров сотта тергеуші Толғанай Ержанованың Жұмағұловты қамау мерзімін 28 мамырға дейін ұзарту туралы өтінішін қолдады.

Сотқа конвоймен жеткізілген Жұмағұлов өзіне қарсы істің "алдын ала арандату арқылы қолдан жасалғанын", сондықтан кінәсін дәлелдей алмай жатқанын мәлімдеді. Ол өзіне қарсы істің саяси астары барын айтты.

Адвокат Жанар Балғабаева Жұмағұловқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Ол Жұмағұловтың кәмелетке толмаған үш баласы барын айтты.

Алмалы аудандық соты былтыр 28 қарашада Алмат Жұмағұловты екі айға қамау туралы шешім шығарған. Келесі күні Жұмағұлов тергеу абақтысында қылмыстық қудалау органының іс-әрекетіне қарсылық ретінде аштық жариялаған.

Белсенді Алмат Жұмағұловқа Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлімі, яғни, "терроризмді насихаттау және террорлық актіге жария түрде шақыру" бабы бойынша айып тағылып отыр. Күдікті өзін кінәсіз екенін айтып, айыпты өзінің қоғамдық-саяси белсенділігімен байланыстырады. Құқық қорғаушылар Жұмағұлов қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының бағдарламасын қолдағандықтан қамалып отыр деп санайды. Наурыздың ортасында Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.

Алматы қалалық ішкі істер департаменті (ІІД) былтыр қарашаның соңында "қоғамдық тәртіпті бұзатын" акция ұйымдастырмақ болды деген күдікті топтың ұсталғанын мәлімдеген. ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек "Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG