Accessibility links

Тәжікстанда салафизмді насихаттаған имам сотталды


Тәжікстандағы мешіттердің бірі.

Тәжікстанның Худжанд қаласының соты апта басында мешіттің бұрынғы имамын салафизм идеясын насихаттағаны үшін соттады. Салафизм ағымына бұл елде тыйым салынған.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, 35 жастағы Абдулло Сайдуллоев 2004-2007 жылдары Сауд Арабиясындағы медреселердің бірінде діни білім алған. Елге оралған соң "Сари санг" мешітінің имам-хатибі болған. Мешітке келушілер дін қызметкерінің намазды басқаша оқитынын байқаған.

Мешітке келушілердің бірі сотта Сайдуллоевқа қарсы куәлік етіп, имамның намазды салафиттерше оқитынын және басқаларды солай жасауға шақырғанын айтқан. Сотталушы соңғы сөзден және адвокаттан бас тартты.

Сайдуллоев 2017 жылы қазанда өз үйінде ұсталды. Құқық қорғаушылар оның үйінен тыйым салынған 200 діни әдебиет тәркілеген. Оның екі бауырына іздеу жарияланды. Кейбір деректерге қарағанда, олар араб елдерінің бірінде жүр.

Ресми мәлімет бойынша, 2016 жылы Тәжікстанның Соғды облысында тыйым салынған "Салафия" және "Мұсылман бауырлар" ағымдарына қатысы бар 20-дан астам діни қызметкер ұсталған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG