"Ақтөбе облысы аумағындағы жолдарда қарулы қарақшылардың пайда болғаны туралы WhatsApp мессенджерінде таралып жатқан ақпарат жалған, Қырғызстан азаматтарына оқ атылғаны туралы видео - ескі" деп хабарлайды Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз қызметі. Бірақ полиция сәуір айы туғалы Ақтөбе облысының жолдарында жолаушыларға екі мәрте қарулы шабуыл жасалғанын жоққа шығармайды.
Полицияның мәліметінше, 19 сәуір күні Ақтөбе - Орынбор жолының 35 шақырымындағы жол жиегінен КамАЗ көлігі жүргізушісінің мәйіті табылған. Сарапшылар 1966 жылы туған көлік жүргізушісіне оқ атылғанын анықтады.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексі 99-бабының 2-бөлімі бойынша іс қозғалды. Облыс аумағындағы жолдарда күзет күшейтілді" деп хабарлайды полиция.
Оқ тиіп, қаза болған КамАЗ көлігі жүргізушісі Валерий Морозовтың Ақтөбе қаласының тұрғыны болғаны ғана белгілі. Өзге мәліметтерді полиция тергеу мүддесін ойлап, жарияламай отырғандарын айтты. Бір белгілісі, КамАЗ жүргізушісіне оқ атқан адам әлі табылмаған.
Марқұм сәуірдің 23-і күні жерленген. Туыстары Азаттық тілшісіне оқиғаға қатысты комментарий беруден бас тартты.
Полиция 6 сәуірге қараған түні Ақтөбе облысында күре жол бойында тұрған, Мәскеуден Бішкекке бара жатқан қырғызстандық микроавтобусқа шабуыл жасап, автобустан ақша мен әшекей бұйымдарын ұрлап алып кеткендерді де әлі тапқан жоқ. Ол кезде шабуылдан автобус жолаушысы жараланып, жүргізушінің оқиға орнында болмағаны хабарланған болатын. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті қарақшылық шабуыл фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын айтқан еді. Облыс прокуратурасы тергеуді бақылауға алғанын мәлімдеген.
Ақтөбе облысы аумағы арқылы күн сайын жүздеген транзиттік автобус пен көлік жүреді.