Accessibility links

Құқық қорғаушы "ҚДТ ісіне қатысты" ескерту алды


Елена Семенова.
Елена Семенова.

Павлодар қаласында тұратын құқық қорғаушы Елена Семенова 28 сәуірде полициядан ескерту алған. Бұл туралы Азаттыққа құқық қорғаушының өзі хабарлады.

28 сәуір күні Семенованы Павлодардағы полиция бөлімшесінен Семеноваға телефон шалып, "Әблязовтің ісіне қатысты" (Әблязов - Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымын құрушы, қазір шетелде тұрып жатыр - ред) келіп кетуін сұраған.

Полиция бөлімшесінде Семеноваға Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің экстремизм бөлімінің жетекшісі бірнеше сұрақ қойған. Семенованың айтуынша, одан "ҚДТ қозғалысының Telegram мессенджері мен Instagram тобын оқисыз ба?" деп сұраған.

- Бұл менің құқығым. Иә, қолданамын, оқимын деп жауап бердім. Бұл сұрақтарды полиция туыстарыма да қойды, - дейді құқық қорғаушы.

Кейін бөлімшеге прокуратура өкілі келіп, Павлодар прокуроры Айдом Шормановтың қолы қойылған "түсініктемені" тапсырып кеткен. Қағазда "Семенованың әрекеттерінен тыйым салынған экстремистік топтың жұмыстарына қатысу белгілері бар" деп жазылған. Нақты қандай "белгілер" бар екені "түсініктемеде" жазылмаған.

Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова Елена Семенованың полиция бөлімшесіне шақыртылғанын растады.

Семенованың айтуынша, 28 сәуірде оны облыстық антикоррупция қызметі де шақырған. Құқық қорғаушы шақырту себебін білмейді.

13 наурызда Астана соты бас прокуратураның арызы бойынша қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған.

Сот сонымен қатар ҚДТ материалдарын БАҚ, әлеуметтік желі, мессенджерлер мен сайттарда таратуға, қозғалыс қызметін құптайтынын білдіруге, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жазбаларға "ұнату" белгісін басуға да тыйым салынған. Тыйымнан соң елде "қозғалысты қолдады" деген бірнеше адамға қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG