30 сәуірде Мәскеуде Telegram мессенджерін Ресейде бұғаттауға қарсы наразылық шарасы өтіп жатыр. Бес мыңға жуық адам қатысып жатқан шараға қала билігі рұқсат берген.
Наразылықты Ресейде тіркелмеген Либертариан партиясы ұйымдастырып жатыр. Шараны ұйымдастырушылардың мәлімдемесінде "Telegram бұғаттау - ұлттық масқара. 21 ғасырда лидерлікке ұмтылған бірде-бір мемлекет технология мен цифрлық прогреске кедергі келтірмеуі тиіс" деп жазылған. Белсенділер сөз бостандығын, еркін интернет пен цифрлық прогресті жақтаушылардың барлығын митингіге қатысуға шақырады.
Митингіден тікелей трансляция:
Акцияны Telegram мессенджерінің иесі Павел Дуров қолдаған. Ол "Ресей жолайрықта тұр. Толыққанды цензура әлі орнаған жоқ. Әрекет етпесек, Ресей Telegram және басқа да танымал сервистерді жоғалтады" деп жазды.
Оппозиционер Алексей Навальный да шараны қолдайтынын, шараға қатысатынын айтты.
Мәскеу соты сәуір айының басында Telegram мессенджерін Ресей арнайы қызметіне қолданушылар жазысқан хат-хабарды шифрлеу кілтін бермегені үшін бұғаттап тастаған. Роскомнодзор мессенджерге кіруді шектеу үшін 20 миллион IP-адресті бұғаттаған. Бірақ көптеген қолданушыларда Telegram жұмыс істеп тұр.