Accessibility links

АҚШ-тың Javelin зымыран кешені Украинаға жетті


Javelin зымыранын атып жатқан америкалық сарбаз. Көрнекі сурет
Javelin зымыранын атып жатқан америкалық сарбаз. Көрнекі сурет

Вашингтон Киевке Javelin ("Джавелин") атты танкіге қарсы зымырандар кешенін жеткізгенін растады. Бұл жаңалық төрт жыл бойы Украина ұлттық армиясымен соғысып жүрген ресейлік сепараистерді қолдап отырған Мәскеуді алаңдатып тастайды деп ойлайтындар жетерлік.

30 сәуірде АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Азат Еуропа/Азаттық Радиосының сауалына: "Қару әлдеқашан жеткізілді" деп жауап берді.

Вашингтонда Украинаға аталған қаруды сатуға қатысты мәселе көп талқыланған. Басында АҚШ президенті Дональд Трамп зымыран кешенін беруге құлықсыз болған. Былтырғы желтоқсан айында ғана Ақ үй Киевке Javelin сатуды мақұлдаған. Украина президенті Петр Порошенко АҚШ-пен және Батыс Еуропа елдерімен әскери қару-жарақ пен құрал-жабдық алу туралы үнемі келіссөз жүргізіп келеді.

Украина әскері "Ольха" зымыран кешенін сынап көріп жатыр. Херсон аймағы, 25 сәуір 2018 жыл
Украина әскері "Ольха" зымыран кешенін сынап көріп жатыр. Херсон аймағы, 25 сәуір 2018 жыл

Аты-жөндерін атамауды қалаған бірі АҚШ-тағы, екіншісі Украинадағы екі дерек көзі Азаттыққа Ақ үй ресми мәлімдегенге дейін Javelin-нің Украинаға жеткізілгенін растаған еді. Қарудың қашан жеткізілгені, украиналық әскерилердің ол қаруды қолдануды қайтіп үйреніп жатқаны жайында әзірге нақты дерек жоқ. АҚШ мемлекеттік департаменті басқа ақпаратпен бөліспеді. Ал Украина президентінің әкімшілігі қарудың келуіне қатысты ешқандай мәлімет бермеді.

Оқи отырыңыз: Шығыс Украинадағы қарулы қақтығыс пен Қырымды аннексиялау тарихы

Былтыр АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз-хатшысы Хизер Нойэрт АҚШ-тың Украинаға "тәуелсіздігін қорғауы, территориялық тұтастығын сақтауы және одан ары агрессияға қарсы тұруы үшін әскери көмек қылатынын" хабарлаған.

Бұл шешімге қатысты Ресейдің сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков АҚШ-ты "соғыс өртін тұтатып отыр" деп айыптаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Петр Порошенко (сол жақта) кездесіп отыр. Нью-Йорк, 21 қыркүйек 2017 жыл
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Петр Порошенко (сол жақта) кездесіп отыр. Нью-Йорк, 21 қыркүйек 2017 жыл

Киев пен Батыс мемлекеттері Украинаның шығысындағы сепаратистерді Ресей қаруландырып отыр деп санайды. Ресей Украинаның құрамындағы Қырым автономиялық республикасын 2014 жылдың наурызында аннексиялап алған болатын.

Былтыр АҚШ Киевке құны 47 миллион долларлық әскери көмек беру туралы шешім қабылдап, ол наурыз айында бекітілген. Бұл жәрдемнің ішіне Javelin атты танкке қарсы 210 зымыран кешені кірген.

2015 жылдан бері АҚШ Украинаға жалпы сомасы 750 миллион доллар болатын әскери құрал-жабдық берген. Олардың қатарында түнде көруге арналған құрылғылар және шағын радиуста жұмыс істейтін радиолокациялық жүйе де бар.

XS
SM
MD
LG