Accessibility links

"Астана банкі" клиенттері ақшасын талап етті


"Астана банкінің" клиенттері банк бөлімшесінде ақшасын талап етіп тұр. Астана, 2 мамыр 2018 жыл.
"Астана банкінің" клиенттері банк бөлімшесінде ақшасын талап етіп тұр. Астана, 2 мамыр 2018 жыл.

Астанада 2 мамыр күні түстен кейін ондаған адам "Астана банкі" алдына жиналып, банктен бірнеше күннен бері ақшасын ала алмай жүргеніне наразылық білдірді.

Асхат есімді жеке кәсіпкер жеке есепшотында жұмыскерлерге жалақы ретінде беретін ақшасы болғанын, соны ала алмай отырғанын айтты. "Алдында біраз ақшамыз болған, банк банкрот болады деген сыбыс ести сала көп бөлігін алып үлгердік. Күн ара келеміз, қалған ақшамызды ала алмай жүрміз" деді ол Азаттық тілшісіне.

Жиналғандар банк филиалының басшысымен кездеспек болып ішке кірген. Бірақ Астана филиалының директоры Жасұлан Тоғызбаев оларды шығарып, журналистерге ғана комментарий беретінін айтты. Бұдан соң журналистерді кабинетіне жинаған Жасұлан Тоғызбаев банк жалақы немесе салық төлеуге ақшасын сұрап тұрған кәсіпкерлерге ғана ақша беретінін, қалған клиенттердің ақшасын беру мәселесін қарастыратынын айтты. Оның сөзінше, бұған дейін банк салымшылар ақшасын беруге шектеу қойған.

18 сәуірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк қызметін қорытындылаған жиында "жұмысын сәтсіз жүргізіп, одан ары мемлекеттен қолдау көрген банктердің ешқандай нәтиже көрсетпегенін" айтқан.

"Сондықтан барлығына Ұлттық банкті қыспаққа ала беруді тоқтатуға кеңес беремін. Қазір "Эксимбанк", "Астана банкі" және Qazaq Bank банктері акционерлері нашар басқарып, салымшыларына жауап бере алмай, қарыз болып қалғандықтан көрсеткіштері нашарлап кетті. Олар қалай жұмыс істей алады? Парламент депутаттарын араластырып, Ұлттық банкке қысым жасай беруді тоқтатыңыздар деп тағы да айтам" деген Назарбаев.

Бұдан соң "Астана банкі" өзінің тұтынушылары, серіктестері мен несие берушілері алдындағы барлық міндеттемесін "тұрақты орындап отырғанын" мәлімдеген.

Кейін банк 22 сәуір мен 2 амыр аралығында жеке тұлғалардың банктен ақшасын алуы мен ақшалай аударым жасауына шектеу енгізген.

Банк төлем карталарын қолдануға шектеу қоймайтынын және уақытша шектеуді салымшылар алдындағы ағымдағы міндеттемелерін орындау мүмкіндігін сақтау енгізгенін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG