Accessibility links

Ақышев: Банктер "проблемалық несие" көрсеткішін бұрмалаған


Қазақстан Ұлттық банкі (Көрнекі сурет).
Қазақстан Ұлттық банкі (Көрнекі сурет).

Қазақстан Ұлтық банкінің төрағасы Данияр Ақышев екінші деңгейдегі кейбір банктер "нашар несиенің" ахуалы туралы шынайы жағдайды әдейі бұрмалады" деп ойлайтынын мәлімдеді. Астанада парламентте "Қазақстан экономикасын дамытудағы банк секторының рөлі" деп аталатын тыңдауда сөйлеген Ақышев орта деңгейдегі кейбір банктер акционерлермен байланысы бар тұлғаларға және материалдық емес кепілге несие беріп, "әлдеқайда либералды несие саясатын" жүргізгенін, салдарынан қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтты.

"Қаржы есебін бергенде несие сапасын жақсартып көрсету үшін займды қайта құрылымдау сияқты тәсілдерді қолданған. Бұл Ұлттық банктің 2016 жылы нашар несие көлемін несие портфелінің 10 пайызынан асырмау туралы енгізген тікелей шектеуімен байланысты болды" деді Данияр Ақышев. Оның сөзінше, қазір екінші деңгейлі банктерде "сенімсіз несиенің" орташа көлемі 70 пайызды құрайтынын, бірақ банк жүйесіәндегі шынайы көрсеткіш 23 пайыздан астам екенін айтты.

Данияр Ақышев Ұлттық банк заңға қадағалау мандатын күшейту туралы өзгерістер жобасын дайындағанын, себебі қолданыстағы қадағалау тетігінде кемшілік барын хабарлады. "Қазіргі қадағалау процесі шартты саналады, яғни, банктер заңнаманы немесе пруденциалдық талаптарды бұзған жағдайда ғана қадағалау шаралары жасалады. Іс жүзінде, банктер пруденциалдық талаптарды бұзбай-ақ активтерді сыртқа шығара алған" деді Ұлттық банк басшысы.

Коммерциялық банктердің ешқайсысы әзірге Ұлттық банк басшысының бұл мәлімдемесіне реакция білдірмеді.

Ұлттық банк сәуірдің соңында Qazaq Banki банкінің жеке тұлғаларға жаңа депозит пен есепшот ашу лицензиясының күшін тоқтатқан.

18 сәуірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк қызметін қорытындылаған жиында "жұмысын сәтсіз жүргізіп, одан ары мемлекеттен қолдау көрген банктердің ешқандай нәтиже көрсетпегенін" айтқан.

"Сондықтан барлығына Ұлттық банкті қыспаққа ала беруді тоқтатуға кеңес беремін. Қазір "Эксимбанк", "Астана банкі" және Qazaq Bank банктері акционерлері нашар басқарып, салымшыларына жауап бере алмай, қарыз болып қалғандықтан көрсеткіштері нашарлап кетті. Олар қалай жұмыс істей алады? Парламент депутаттарын араластырып, Ұлттық банкке қысым жасай беруді тоқтатыңыздар деп тағы да айтам" деген Назарбаев.

Бұдан соң "Астана банкі" өзінің тұтынушылары, серіктестері мен несие берушілері алдындағы барлық міндеттемесін "тұрақты орындап отырғанын" мәлімдеген. Кейін банк 22 сәуір мен 2 амыр аралығында жеке тұлғалардың банктен ақшасын алуы мен ақшалай аударым жасауына шектеу енгізген.

XS
SM
MD
LG