Accessibility links

Трамп азаматтардың қару ұстауға құқығын қорғайтынын айтты


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп конституцияның екінші түзетуіндегі құқықтарға "қатер төнгені" туралы мәлімдеді. Бұл туралы ол жұма күні Техас штатындағы Даллас қаласында өткен Ұлттық қару ассоциациясы жиынында айтқан.

"Біздің құқықтарымызға қазір шабуылдап жатыр. Бірақ мен президент болып тұрған кезде олар ешқашан қауіпте қалмайды", - деген ол.

АҚШ конституцияның екінші түзетуінде азаматтардың қару ұстау және сақтау құқығына кепілдік берілген.

Бұған қоса Трамп жақтастарын биыл қарашада өтетін Конгресс депутаттарының аралық сайлауында тоқмейілсушілік пен бойкүйездік танытпауға шақырған. "Республикашылдар бұл сайлауда жеңіске жетуі тиіс" деген ол.


Биыл ақпанда Флорида штатындағы мектепке атыс қаруымен жасалған шабуылдан 17 жасөспірім қаза тапқаннан кейін АҚШ-та қоғам өкілдері, әсіресе жастар жаппай наразылық акцияларын өткізіп, тұрғындардың қолындағы қаруға бақылауды күшейтуді талап еткен.

Мұнымен келіспейтін Ұлттық қару ассоциациясы жақтастары конституцияның екінші түзетуіндегі құқықтарды қолдап көпшілік шаралар өткізген.

Кейінгі бірнеше онжылдықта АҚШ президенттері Ұлттық қару ассоциациясын қолдайтын азаматтардың қатысуымен өткен жиындарда сөйлеуден тартынып келген. Бұған дейін аталған ассоциация жиынына қатысушыларға арнап 1983 жылы сол кездегі президент Рональд Рейган үндеу жасаған.

XS
SM
MD
LG