Accessibility links

Риддерлік құқыққорғаушы Харламовқа қарсы алғашқы іс жабылды


Александр Харламовтың абақтыдан босап шыққан сәті. Өскемен, 4 қыркүйек 2013 жыл.
Александр Харламовтың абақтыдан босап шыққан сәті. Өскемен, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы ішкі істер бөлімінің тергеушісі Ержан Тоқжігітов 68 жастағы жергілікті құқыққорғаушы Александр Харламовқа қарсы қозғалған бірінші қылмыстық істі доғару туралы қаулы шығарған. Қала прокуроры Саид Аймұхан тергеушінің қаулысымен "келіскен". Бұл екі құжатты да Харламов бүгін пошта арқылы алғанын Азаттық тілшісіне хабарлады. Осы құжаттардың негізінде Александр Харламовқа 2013 жылғы қыркүйектің 4-і күні (ешқайда кетпеу туралы қолхат бойынша) тағайындылған бұлтартау шарасы күшін жойды.

Тергеуші Тоқжігітовтің сәуірдің 27-і күні шығарған қаулысында (прокурор мамырдың 2-інде "келісім" берген) Александр Харламовтың үстінен "діни араздық қоздырған" деген күдікпен 2012 жылғы қыркүйектің 19-ы күні қозғалған қылмыстық іс оның іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болуына байланысты доғарылғаны айтылған.

Осылайша, риддерлік құқыққорғаушыға қарсы бір-біріне мәні ұқсас айыптау бойынша қозғалған екі қылмыстық істің алғашқысы жабылды. Атап өтер жайт, 2016 жылы қарашаның 16-сы күні Харламовтың үстінен қозғалған осы тәрізді екінші іс 2017 жылы тамыздың 9-ы күні доғарылған. Содан бері Харламовтың екінші істегіге ұқсас айып тағылған алғашқы істі жабуға бірнеше рет талпыныс жасағанымен, нәтижеге қол жеткізе алмай келген еді.


Харламовтың үстінен алғашқы істі қозғауға оның 2014 жылы жазған, үзінділерін интернетте жариялаған "Ең дана кітап" шығармасындағы діни мазмұндағы идеялары себеп болған. Екінші іс ол жергілікті баспадан әлгі кітабын шығарғаннан кейін қозғалған. Кітаптың қалған даналарын тергеушілер Харламовтың пәтері мен кеңсесіне тінту жүргізген кезде алып кеткен.

Бірінші іс бойынша Харламов Өскемендегі тергеу абақтысында жарты жылға жуық қамауда болды, билік оны әуелі жергілікті ауруханада, кейін Алматыдағы республикалық клиникада мәжбүрлі түрде психикалық тексеруден өткізген.

2013 жылғы қыркүйектің 4-і күні сот Харламовқа алғашқы іс бойынша тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны ешқайда кетпеу туралы берген қолхат негізінде қамаудан босату туралы шешім шығарған.

Өзін ғылыми көзқарастағы атеиспін деп көрсететін Александр Харламов екі іс бойынша да өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

2013 жылы Human Rights Watch халықаралық ұйымы мен АҚШ-тың әлемдегі дін еркіндігі мәселелері жөніндегі комиссиясы Қазақстан билігін Александр Харламовтан қылмыстық айыптарды алып тастап, оны қамаудан босатуға шақырған. Ол кезде қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары Александр Харламовты саяси тұтқын деп таныған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG