Accessibility links

Киев сепаратистерді "тұрғын үйлерді атқылады" деп айыптады


Киев "сепаратистер атқылады" деп мәлімдеген "Гнутово" өткізу бекеті. 5 мамыр 2018 жыл.

Киев Донбастағы ресейшіл сепаратистерді "тұрғын үйлерді атқылады" деп айыптады. Украиналық әскерилердің мәлімдеуінше, өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" (ДХР) кеше Майорск елдімекенін, ал бүгін Зайцево селосын минометтерден атқылаған. Сонымен бірге, сенбі күні таңертең ондаған бейбіт тұрғын жиналған "Гнутово" өткізу бекеті сепаратистер жағынан атқыланған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы мәліметтер жоқ.

БҰҰ дерегі бойынша, Донбаста төрт жыл бойы жалғасып жатқан қарулы жанжал барысында 10 мыңнан астам адам мерт болған, олардың үш мыңға жуығы – бейбіт тұрғындар.


Киев пен Батыс елдері сепаратистерге қару-жарақ беріп көмектесіп отыр деп Мәскеуді айыптайды. Кремль ол айыптауларды жоққа шығарады.

Сәуірдің 30-ы күні Донбаста "террорға қарсы операция" аяқталғаны туралы хабарланған. Оның орнына енді Біріккен күштер операциясы режимі жұмыс істейді. Оның қолбасшысы болып тағайындалған Сергей Наев тікелей Украина президентіне бағынады.

XS
SM
MD
LG