Accessibility links

Сот Ерімбетовті абақтыда ұстау мерзімін тағы ұзартты


Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов.
Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов.

Алматының Медеу аудандық сотының тергеу жөніндегі судьясы Фаррух Омаров мамырдың 5-і күні тұтқындағы кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті маусымның 13-іне дейін Алматының тергеу абақтысында қамауда ұстауға шешім шығарды. Судья сот қаулысы дереу күшіне енетінін, бірақ оған үш күн ішінде шағымдануға болатынын жариялаған. Бұл туралы Азаттық тілшісіне тұтқынның адвокаты Жанар Балғабаева мен Ерімбетовтің анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Ғайни Ерімбетова хабарлады.

Сенбі күнгі сот отырысына алғаш рет Ескендір Ерімбетовтің өзі де қатысқан. Бірақ сот барысында ол сөйлемеген. Қорғаушылары мұны судья оған сөз бермеді деп түсіндіреді. Судья кеңесу бөлмесіне кеткен үзіліс кезінде сотқа қатысып отырған кей адамдар Ерімбетовті суретке түсіріп алған, алайда ол бұл суреттерді еш жерде жарияламауды сұрады дейді Азаттық тілшісіне қамаудағы кәсіпкердің әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Мырзахан Ерімбетов.

Адвокат Жанар Балғабаева Ескендір Ерімбетовтің үстінен "алаяқтық" айыбымен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғандығы, ал "БТА Банктен заңсыз алынған ақшаны" туралы айып бойынша нақты тергеу амалдары жүргізілмей отырғаны себепті және денсаулық жағдайы нашарлап кеткендіктен кәсіпкерді абақтыда қамауда ұстаудың негізі жоқ екендігіне судьяның көзін жеткізуге тырысқан. Сонымен бірге ол Поььша сеймінің депутаты Марчин Свенчицкидің тұтқындағы кәсіпкер үшін кепілгер болуға әзір екені туралы өтінішін судьяға тапсырған және бұған дейін қазақстандық белгілі ақын Олжас Сүлейменов пен өзге де мәдениет пен ғылым қайраткерлері де осындай кепілдік бергенін еске салған.

Ғайни Ерімбетованың айтуынша, ол сотта бұған дейін ұлының тергеу абақтысында азаптауға ұшырап, соққы ұшырағаны және моральдық-психологиялық қысым көргені туралы сөйлеген. Оның сөзінше, қаңтардың 10-ынан кейін тұтқын Ескендір Ерімбетовті азаптау мен ұрып-соғу тоқтаған, бірақ оның денсаулық жағдайы нашарлап, жеткілікті дәрежеде дәрігерлік көмек ала алмай отыр.

Оқи отырыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті

Прокурор соттан Ескендір Ерімбетовке тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгертпеуді және оны маусымның 13-іне дейін тұтқында ұстау туралы тергеудің өтінішін қанағаттандыруды сұраған.

Сот прокуратураның өтінішін қанағаттандырған. Сонымен бірге Ерімбетовпен қоса күдіктілер ретінде қамалған Василина Соколенко, Дмитрий Пестов пен Михаил Зоровты үйқамаққа ауыстыру туралы өтініштерді қанағаттандыру туралы шешім шығарған.

Былтыр қарашаның 13-і күні тұтқындалған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі содан бері қамауда отыр. Тергеу дерегінше, олар "БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовқа сырт елдерге шығарған қаражатының ізін жасыруға көмектескен". Ерімбетовтің туыстары мен жақтастары кәсіпкерді кезінде Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарып, одан Әблязовке қарсы жауап алу үшін қуғындап отыр деп санайды. Бельгия саяси баспана берген Бота Жәрдемәлі қазір Еуропада тұрып жатыр.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы биыл қаңтардың 24-і күні 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында "азаптап жатыр" деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.

Өткен айдың ортасында Қазақстанға жергілікті құқық қорғау ұйымдарының шақыруымен келген Польша Сеймі депутаты Марчин Свенчицки мен италиялық құқық қорғаушы Антонио Станго өздері Алматының тергеу абақтысына арнайы барып кездескен Ескендір Ерімбетовтің өткен желтоқсан және қаңтар айларында тұтқында азаптау мен соққыға душар болғанын айтып бергені туралы Азаттыққа хабарлаған.

Оқи отырыңыз: Польша депутаты: Ерімбетов азаптау туралы айтты

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG