Accessibility links

Иран президенті Хасан Роухани Америка "2015 жылғы ядролық келісімнен шыққанына опық жейтіні" және Иранның АҚШ президенті Дональд Трамптың келісімге қатысты қандай шешім қабылдаса да жауап қатуға әзір екені туралы мәлімдеді.

"Трамптың ядролық келісім бойынша кез-келген шешіміне қарсы тұратын жоспарымыз бар, - деген Роухани бүгін Иран мемлекеттік телеарнасы эфирінен берілген сөзінде. – Егер Америка ядролық келісімнен шығатын болса, онысы көп ұзамай тарихи өкінішке ұрындырады".

Роухани егер АҚШ ядролық келісімнен бас тартса Иран қандай жауап қататыны туралы ашып айтпады. Сонымен бірге ол Трамптың қандай шешім қабылдарын тоса отырып, Иранның атом энергиясы жөніндегі ұйымына "қажетті бұйрықтар" бергені туралы хабарлады. Трамп бұған дейін егер еуропалық одақтастар ядролық келісімнің "сұмдық кемшіліктерін" мамырдың 12-іне дейін жоймайтын болса, АҚШ бұл келісімнен шығады деп бірнеше рет мәлімдеген.


2015 жылы шілдеде Иран мен алты мемлекет - АҚШ, Германия, Қытай, Ұлыбритания, Ресей және Франция арасында қол қойылған келісім бойынша, Тегеран ядролық бағдарламасын шектейтін болса Иранға салынған халықаралық санкцияларды жұмсарту көзделген еді. Бірақ 2016 жылы АҚШ президенті болып сайланған Трамп Иранмен жасалған келісім шарттарын қатайту қажет деп біледі.

Германия, Франция, Ресей, Қытай мен Ұлыбритания Вашингтонды бірлесіп қол қойған келісімнен шықпауға шақырған. Бұл бес мемлекет келісімді Иранның ядролық қару иемдену ниетіне бөгет қоюдың ең оңтайлы тәсілі деп санайды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG