Accessibility links

Трамп АҚШ-тың Иран келісімінен шыққанын хабарлады


Дональд Трамп
Дональд Трамп

8 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы мәлімдеме жасап, Вашингтон Иран келісімінен шығатынын айтты. Трамп өз сөзінде Иранды терроризмді қолдап отыр деп сынады. Ол Иран ядролық келісім жұмыс істемейді деп мәлімдеді.

Трамп Иранға қайта санкция салынатынын айтты. Бірақ шектеулер нақты қай уақытта басталатынын айтпады.

АҚШ заңдарына сай ел президенті әр алты ай сайын Конгреспен ақылдасып, келісім Вашингтонның мүддесіне сай келу я келмеуін талқылайды. Президент сайлауы алдында Трамп Иран ядролық келіссөзін "ақылға сыймайды" деп бағалап, "бұл келісім Иранға ядролық қаруларын сақтауға мүмкіндік береді" деген.

2015 жылы шілдеде Иран мен алты мемлекет - АҚШ, Германия, Қытай, Ұлыбритания, Ресей және Франция арасында қол қойылған келісім бойынша, Тегеран ядролық бағдарламасын шектейтін болса Иранға салынған халықаралық санкцияларды жұмсарту көзделген еді. Бірақ 2016 жылы АҚШ президенті болып сайланған Трамп Иранмен жасалған келісім шарттарын қатайту қажет деп біледі.

Иран президенті Хасан Роухани АҚШ "2015 жылғы ядролық келісімнен шықса опық жейді" деген.

Германия, Франция, Ресей, Қытай мен Ұлыбритания Вашингтонды бірлесіп қол қойған келісімнен шықпауға шақырған. Бұл бес мемлекет келісімді Иранның ядролық қару иемдену ниетіне бөгет қоюдың ең оңтайлы тәсілі деп санайды.

Егер АҚШ Иран ядролық келісімінен шықса Вашингтонның Тегеранға қатысты санкциялары қайта күшіне енеді.

XS
SM
MD
LG