Accessibility links

Шешенстанда Ресей президенттігіне үш рет сайлауды ұсынды


Владимир Путиннің Ресей премьер-министрі кезінде Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровпен (оң жақта) түскен суреті. Гудермес, 20 желтоқсан 2011 жыл.
Владимир Путиннің Ресей премьер-министрі кезінде Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровпен (оң жақта) түскен суреті. Гудермес, 20 желтоқсан 2011 жыл.

Ресей құрамындағы Шешенстанның парламенті Ресей Мемлекеттік думасына Ресей конституциясына бір адамның президент қызметін қазіргідей екі мерзім емес, қатарынан үш мерзім атқаруына рұқсат беретін өзгерту енгізу жайлы ұсыныс енгізуге әзір. Бұл туралы Шешенстан парламентінің ресми сайтында жарияланды.

Сейсенбі күні Шешенстан парламенті кеңесі осы мәселені талқылаған. "Бұл заң жобасы Шешенстан республикасының басшысы, Ресей қаһарманы Рамзан Ахметович Қадыровтың мемлекет басшысының өкілет мерзімін ұзарту туралы бастамасынан кейін әзірленді" делінген заң жобасына түсініктемеде.

Құжатты парламенттің алдағы отырысында қарау жоспарланған.


Сәуір айында Рамзан Қадыров Ресейдің қазіргі президенті (наурызда төртінші мерзімге сайланған) Владимир Путинге балама жоқ деп білетінін және оның президент қызметін атқаруын екі мерзіммен шектемеген дұрыс деп санайтынын мәлімдеген.

"Заңды кім ойлап шығарады? Конституцияны кім қабылдайды? Халық! Егер халықтың мүддесіне сай болса, неге бізге өзгерту енгізбеске? Маған салса тіпті Путиннен [рұқсат] сұрамаумыз да керек. Халық, федерация Кеңесі, Мемлекеттік дума, өзге мемлекеттік институттар бастама көтеріп, осындай шешім қабылдауы тиіс, қол жинап, бүкілхалықтық референдумге шығару керек", - деп мәлімдеген Қадыров.

2000 жылы мамырда алғаш рет Ресей президенті болып сайланған Владимир Путин осы қызметке қатарынан екі мерзім сайланғаннан кейін, 2008 жылғы мамырдан бастап премьер-министр болып төрт жыл қызмет атқарды. Ал 2012 жылы тағы да сайлауға түсіп, қайтадан президент болып сайланды. Үкімет жетекшісі болған кездегі "үзіліс" оған Конституциядағы бір адамның қатарынан екі реттен асатын мерзімге президент болып сайлана алмайтыны туралы заң нормасын "айналып өтуге" мүмкіндік берді. Путин Кремль билігін басқарып отырған кезде Ресей президентінің қызмет өкілетінің мерзімі төрт жылдан алты жылға дейін ұзартылды. Биыл наурызда кезекті рет президент сайлауында жеңіске жеткен Путиннің инаугурациясы мамырдың 7-і күні өтті. Заң бойынша, Путиннің президенттік мерзімі 2024 жылы аяқталады.

XS
SM
MD
LG