Accessibility links

Шымкентте сот Ардақ Әшімнің ісін қарай бастады


Белсенді Ардақ Әшімнің ісіне қатысты сот тыңдауы. Шымкент, 10 мамыр 2018 жыл.
Белсенді Ардақ Әшімнің ісіне қатысты сот тыңдауы. Шымкент, 10 мамыр 2018 жыл.

Мамырдың 10-ы күні Шымкенттегі Абай аудандық сотында белсенді Ардақ Әшімнің үстінен Қылмыстық кодекстің 174- бабымен қозғалған іс бойынша сот тыңдауы басталды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Сот отырысына Ардақ Әшімнің заңды өкілдері мен адвокаты, прокурор және белсенділер қатысып жатыр.

Сотқа судья Қанат Мылтықбаев төрағалық етеді. Сот тергеуіне Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылып, мамырдың 5-і күні кешке облыстық соттың қаулысымен босатылған Ардақ Әшім қатысып отырған жоқ. Белсендінің орнына оның қызы Айнұр Әшім жауап беруге келді.

Прокурор Арман Өтегенов Ардақ Әшімнің Facebook желісінде және жеке тұрғын үйін тәркілеу кезінде тәркіленген ноутбугінен әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыратын жазба табылғанын, оған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабымен іс қозғалғанын айтып, жүйке аурулары ауруханасына емдеуге жатқызу мәселесін қарауды сұрады.

Ардақ Әшімнің заңды өкілі және қызы Айнұр Әшім прокурорға тағылған айыппен келіспейтінін айтып, анасының бұрын жүйке ауруларымен ауырғанын дәлелдейтін құжаттың түпнұсқасын және қылмыстық іс қозғауға негіз болған жазбалардың қай күні, қашан жазылғанын дәлелдеуді сұрады.

Облыстық апелляциялық сот алқасы мамырдың 5-і күні Абай аудандық сотының судьясы Сержан Айнабековтің Ардақ Әшімді жүйке дерті ауруханасына мәжбүрлеп жатқызу мерзімін бір айға ұзарту туралы сәуірдің 27-інде шығарған қаулысын бұзып, белсендіні туыстарына беру туралы шешім шығарған.

27 сәуір күні Абай аудандық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансерінде мәжбүрлеп емдеу мерзімін тағы бір айға ұзарту туралы облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасы тергеушісі Бақытжан Сыдықовтың өтінішін қанағаттандырған. Ардақ Әшімнің туыстары бұл қаулымен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген.

Оқи отырыңыз: Белсендіні жүйке дерті ауруханасында күштеп "емдеп" жатыр

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған. Абай аудандық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы қаулыны наурыздың 27-інде шығарған. Белсендінің туыстары сот шешіміне апелляциялық шағым түсіргенімен облыстық сот шағымды қанағаттандырмаған болатын.
Бұған дейін Абай аудандық соты Ардақ Әшімнің Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны анықталғанын", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғаны жөнінде хабарлаған.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Ардақ Әшімді "ар-ождан тұтқыны" деп танып, Қазақстан билігін еркінен тыс емдеуге жатқызылған белсендіні ауруханадан шығарып, оған қатысты істерді тоқтатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG