Accessibility links

Сот Ардақ Әшімге қатысты қылмыстық істі тоқтатты


Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл.
Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл.

Мамырдың 10-ы күні Шымкенттегі Абай аудандық сотында белсенді Ардақ Әшімді қылмыстық жауапкершіліктен босатып, амбулаторлық емге жіберу туралы үкім шықты. Бұл туралы сотқа қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады

"Ардақ Әшімді Қылмыстық кодекстің 174-бабымен қоғамға қауіпті қылмысы заңмен тыйым салынған әрекетті жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болғанына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын. Оған қатысты қылмыстық іс өндірістен тоқтатылсын. Тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаторлық мәжбүрлік бақылауға жазылып, жүйке жүйесі ауруханасында емдеу түрінде мәжбүрлеу шарасы тағайындалсын. Әшімоваға қатысты ауруды туыстарына беру туралы қауіпсіздік шарасы қаулы күшіне енгеннен соң жойылсын" деді судья Қанат Мылтықбаев.

Бұдан бұрын прокурор Арман Өтегенов Ардақ Әшімнің Facebook желісінен және оның тәркіленген ноутбугінен әлеуметтiк, "ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыратын" жазба табылғанын, соған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабымен іс қозғалғанын айтып, жүйке аурулары ауруханасына емдеуге жатқызу мәселесін қарауды сұраған.

Оқи отырыңыз: Белсендіні жүйке дерті ауруханасында күштеп "емдеп" жатыр

Ардақ Әшімнің заңды өкілі және қызы Айнұр Әшім прокурорға тағылған айыппен келіспейтінін айтып, анасының бұрын жүйке ауруларымен ауырғанын дәлелдейтін құжаттың түпнұсқасын және қылмыстық іс қозғауға негіз болған жазбалардың қай күні, қашан жазылғанын дәлелдеуді сұраған болатын.

Облыстық апелляциялық сот алқасы мамырдың 5-і күні Абай аудандық сотының судьясы Сержан Айнабековтің Ардақ Әшімді жүйке дерті ауруханасына мәжбүрлеп жатқызу мерзімін бір айға ұзарту туралы шығарған қаулысын бұзып, белсендіні ауруханадан шығарған.

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған.

Бұған дейін Абай аудандық соты Ардақ Әшімнің Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны анықталғанын", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғаны жөнінде хабарлаған.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Ардақ Әшімді "ар-ождан тұтқыны" деп танып, Қазақстан билігін еркінен тыс емдеуге жатқызылған белсендіні ауруханадан шығарып, оған қатысты істерді тоқтатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG