Accessibility links

Прокуратура: Еуропарламент өкілдеріне Әблязов ісі туралы айттық


Қазақстан Бас прокуратурасы, Астана (Көрнекі сурет).
Қазақстан Бас прокуратурасы, Астана (Көрнекі сурет).

Қазақстан бас прокуроры Қайрат Қожамжаров 11 мамыр күні Еуропарламент депутаттарымен кездесіп, "Қазақстан билігінен жасырынып жүрген" Мұхтар Әблязов, Виктор Храпуновтың отбасы, ағайынды Бергей және Аманжан Рысқалиевтердің қылмыстық іс-әрекеті туралы баяндады деп хабарлады бас прокуратура.

Қожамжаров "Қазақстан - Еуропа Одағы" парламенттік ынтымақтастығы комитетінің тең төрайымы Ивета Григуле бастаған депутаттармен кездесуде Қазақстанда жүргізіліп жатқан қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық реформалар жайлы айтқан.

Григуле бас прокуратура - құқықтық мемлекеттің іргетасы екенін, адам құқығын сақтау мен қорғаудың негізгі міндеті осы ведомствоға жүктелетінін жеткізген.

"Талқылау барысында екі жақ та Әблязов пен оның елдегі қоғамдық жағдайды шайқалтуға тырысатын қылмыстық әрекетіне сыни баға берді" делінген ресми хабарламада.

Қазақстан билігі қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовті 2017 жылы маусымда "БТА банкті" басқарып тұрған кезінде банк қаржысын жымқырды деген айыппен сырттай 20 жылға соттаған. Биыл 4 сәуірде Қазақстан Бас прокуратурасы "банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды" деген айыппен Әблязовтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Әблязов өзіне тағылған айыптарды "шылғи өтірік" деп жоққа шығарады және өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси себеппен қуғындап жатыр деп санайды.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Атырау облысының бұрынғы әкімі, жемқорлық және ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген Бергей Рысқалиевті бұған дейін бірнеше рет тергеуге шақырған. Ресми Астана Рысқалиевті "Қазақстан аумағынан тыс жерде жасырынып жүр" деп біледі.

XS
SM
MD
LG