Accessibility links

Иракта парламент сайлауы өтіп жатыр


Сайлау учаскесінде баламен бірге тұрған адам. Бағдад, Ирак, 10 мамыр 2018 жыл.
Сайлау учаскесінде баламен бірге тұрған адам. Бағдад, Ирак, 10 мамыр 2018 жыл.

Ирак азаматтары бүгін парламент сайлауына дауыс беріп жатыр. Елдегі сайлау учаскелері таңертеңгі сағат жетіде ашылды. Сайлауға байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілген, шекаралық бекеттер мен әуежайлар дауыс беру аяқталғанша жабылған.

Ирак "Ислам мемлекеті" экстремистік тобынан азат етілгелі бері алғаш рет өткізіліп жатқан сайлауға түскен 7 мыңға жуық үміткердің 2 мыңнан астамы – әйел. Кандидаттар Ирак парламентіндегі 328 орынға таласады. Бақылаушылардың болжамы бойынша, бұл жолғы сайлауда қазіргі премьер-министр Хайдар әл-Абадидің "Наср" блогы мен вице-президент Нури әл-Малики басқаратын оппозициялық альянс көп дауыс алуы мүмкін.

Ресми деректер бойынша, Иракта 22,5 миллионға жуық адам дауыс беру құқығына ие. Сайлаудың алдын ала қорытындысы 13 мамырда жариялануы тиіс.


2003 жылы Саддам Хусейн режимі құлағалы бері Иракта осымен төртінші мәрте парламент сайлауы өтіп отыр. 2014 жылы Ирактың үштен біріне жуық бөлігін басып алған "Ислам мемлекеті" экстремистік тобын өткен жылы Ирак армиясы күрд және шиит қарулы жасақтарының, сонымен бірге АҚШ бастаған халықаралық коалицияның көмегімен күйретіп, 9 желтоқсанда үкімет ел аумағы ИМ күштерінен азат етілгенін жариялаған болатын.

XS
SM
MD
LG