Әзербайжан Ереванда үкімет басына келген жаңа басшылықтың екі ел арасындағы даулы Таулы Қарабақ аймағына қатысты мәлімдемесін "өрескел" деп бағалап, "кең көлемді әскери операцияларға" әзір екені туралы Армения тарабына ескертеді. Бұл туралы Әзербайжан қорғаныс министрі Закир Гасанов мамырдың 12-і күні елдегі лауазымды әскери қызметкерлердің қатысуымен өткен жиында айтты деп хабарлайды Әзербайжан қорғаныс министрлігі.
Арменияның жаңа премьер-министрі Никол Пашинян мамырдың 9-ы күні Әзербайжанның сепаратистік аймағы - этникалық армяндар күштері бақылауындағы Таулы Қарабаққа барған. Соның қарсаңында Армения парламенті үкімет жетекшілігіне сайлар алдында сөйлеген сөзінде Пашинян өзін билікке әкелген "революция" "Қарабақтың өзін-өзі билеу құқығын тануға" әкеледі деп мәлімдеген. Әзербайжан қорғаныс министрлігі Гасановтың "билігі ауысқан" [Арменияның] Пашинян мен өзге де "түрлі ресми тұлғаларының бейбастақ мәлімдемелерін" айыптағаны туралы хабарлаған.
"Қорғаныс министрлігі қарсыластың мұндай өрескел қылығын қабылдамайтынын және Әзербайжан армиясы кең көлемді әскери операцияға сақадай сай екені туралы Арменияның әскери-саяси басшылығына ескертті", - деп мәлімдеген Әзербайжан қорғаныс министрлігі.
Әзербайжан мен Армения арасында 1990 жылдардың басында сепаратистік Таулы Қарабақ аймағына қатысты жанжал болып, 1994 жылы тараптар бітім жасасқан. Даулы аймақтағы қарулы жанжал салдарынан 30 мыңға тарта адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Армения мен Әзербайжан арасы даулы аймаққа байланысты әлі күнге дейін нашар.