Accessibility links

Өзін "халық кандидатымын" деген Пашинян Армения премьері болды


Никол Пашинян парламентте сөз сөйлеп тұр. 8 мамыр 2018 жыл.

Армения парламенті соңғы он күн ішінде ел премьер-министріне дауыс беріп, оппозиция лидері Никол Пашинян кандидатурасын қолдады.

Армения парламенті оппозиция лидері, "Елк" партиясының жетекшісі Никол Пашинянды ел премьер-министрі етіп сайлады. Дауыс беру мамырдың 8-і күні өтті. Пашинян кандидатурасын 59 депутат жақтап дауыс берген. 42 депутат қарсы болған. Оның кандидатурасы "Елк", "Царукян" және "Дашнакцутюн" партиясының фракциялары мен Республика партиясынан сайланған кей депутаттар қолдаған.

Парламент дауыс беріп жатқанда Еревандағы Республика алаңына мыңдаған адам жиналып, Пашинянға қолдау білдірді.

Парламентте сөз сөйлеген Пашинян Ресеймен қарым-қатынас достық пен теңдік негізінде құрылу керектігін айтты. Пашинян АҚШ, Еуропа одағы, Қытай, Иран, Грузия, Үндістанмен байланысты жақсартуға уәде берді. Бакумен Таулы Қарабах жанжалына байланысты тең дәрежеде бейбіт келіссөз жүргізуге дайын екенін де айтты.

Парламент жиынынан кейін Никол Пашинян ел президенті Армен Саркисянмен кездесті. Енді Пашинян екі апта ішінде үкімет мүшелерінің тізімін жасап, президентке ұсынуы тиіс.

икол Пашинян мен Армения президенті Армен Саркисян кездесуі. Ереван, 8 мамыр 2018 жыл.
икол Пашинян мен Армения президенті Армен Саркисян кездесуі. Ереван, 8 мамыр 2018 жыл.

Мамырдың 7-сі күні Ереванда халық алдында сөз сөйлеген Пашинян өзін "халық кандидатымын" деп атап, "премьер-министр болып сайланатынына 98 пайыз сенімдімін" деген.

Пашинян бұған дейін премьер-министр болып сайланған жағдайда биліктегі Армения республикалық партиясымен бірге жұмыс істеуі мүмкін екенін айтқан.

Еревандағы Республика алаңына жиналған Пашинян жақтастары. 8 мамыр 2018 жыл.
Еревандағы Республика алаңына жиналған Пашинян жақтастары. 8 мамыр 2018 жыл.

Мамырдың 1-і күні Армения парламенті депутаттары Никол Пашинянның премьер-министр болуына қарсы дауыс берген. Армения конституциясы сай, Пашинян премьер-министр болып сайлану үшін, оны 105 депутаттың 53-і қолдауы тиіс еді. Бірақ парламенттегі ең көп орынға ие Республика партиясы фракциясының біраз депутаты Пашинян кандидатурасын қолдамаған.

Осыдан кейін Пашинян халықты қайта көшеге шығуға үгіттеген. Мамырдың 2-сі күні халық жолды жауып, наразылық күшейе түскенде Республикалық партия келесі сайлауда ұсынылған кандидатты қолдайтындарын айтқан. Премьер-министр сайлауы 8 мамырға белгіленген. Пашинян жақтастары бірнеше күнге наразылықты тоқтатқандарын, егер талаптары орындалмаса қайта көшеге шығатындарын мәлімдеген.

Сәуірдің ортасынан бері Арменияда тұрғындардың билікке қарсы жаппай наразылығы басталған. Халық қатарынан екі мерзім ел президенті болған Республикалық партия лидері Серж Саргсян премьер-министр болып сайлануына қарсы шыққан. Үкіметке қарсы халықтың жаппай наразылығынан кейін Сарксян отставкаға кеткен еді.

Оған дейін соңғы он жылға жуық уақыт бойы Саргсян Армения президенті болып отырған кезде жүргізілген конституциялық реформа нәтижесінде премьер-министрдің қызмет өкілеті кеңейтілген болатын.

Видео: Армения халқы Пашинян жеңісін тойлап жатыр

Армения халқы Пашинян жеңісін тойлап жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:45 0:00

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG