Accessibility links

Шымкентте шаруалар әкімдікке шағымданды


Шымкент қаласы
Шымкент қаласы

Мамырдың 15-і Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Ықылас ауылының он шақты тұрғыны Шымкенттегі облыс әкімдігіне келіп, төрт жылдан бері дауласып ала алмай жүрген ауыл шаруашылығы жерін қайтарып алуға араша түсуін сұрап арызданды.

Арызданушылардың бірі “Ықылас темір” кооперативінің мүшесі Қанат Дүйсековтың айтуынша, 1996 жылы жүз шаруамен құрылған кооперативтен бірқатар ұжымдық өзгерістерден соң жартысынан көбі кетіп, тек 33 мүшесі ғана қалған. Қазір оның үлесінде 1339 га ауылшаруашылығы жері бар.

- Үш жарым жылдан бері соттасып, жерімізді қайтара алмай отырмыз. Қолымызда жердің иесі екенімізді дәлелдейтін құжаттар бар. Өз арамыздан заң бойынша төраға сайладық. Сол төрағамызды тіркете алмай тағы отырмыз. Өйткені қазіргі төраға бізді басынып, жерімізге иелік еткісі келеді. Өз үлесіміздегі жерге қарызданып бидай еккен едік. Енді сол бидайымыздан да айырылып қаламыз ба деп алаңдаймыз, - дейді Қанат Дүйсеков.

Шаруалар әкімдіктің тіркеу бөлімінен облыс әкімінің қабылдауын сұрады. Мәселемен танысып шыққан әкімдік қызметкерлері сала мамандарын шақырып, шаруаларға түсіндіру жұмысын жүргізді.

- Арыздарыңызды тыңдадық. Енді құжаттармен танысып, заңдылығын қарап сіздерге жауабын береміз, - деді облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Тілеген.

Ордабасы аудандық әкімдігі заң бөлімінің басшысы Алтынбек Бердіманаптың Азаттыққа түсіндіруінше, бұл кооперативтің ішіндегі өзара жер дауы мәселесі, сондықтан шаруаларға мәселелерін сот арқылы шешуге кеңес берген.

XS
SM
MD
LG