Accessibility links

"Украинада соғысқан" теміртаулық кісі өлтіргенін мойындады


Қаза тапқандардың туыстары сот ғимараты алдында тұр. Қарағанды, 24 сәуір 2018 жыл.
Қаза тапқандардың туыстары сот ғимараты алдында тұр. Қарағанды, 24 сәуір 2018 жыл.

16 мамырда Қарағанды сотында Украина шығысындағы қарулы қақтығысқа қатысқан қазақстандық жауап берді. Теміртаудың 32 жастағы тұрғыны Никита С. екі адамды өлтірді деген де айып тағылған. Сотта жауап берген айыпталушы Украинадағы қақтығысқа қатысқанын және кісі өлтіргенін мойындады. Ол Украинаға "бейбіт тұрғындарды, жас балалар, әйелдер мен қарт кісілерді өлтіріп жатыр" деген хабарды естігеннен кейін барғанын айтты.

Судья Исламхан Есенбаев айыпталушыға өзге елдегі қақтығысқа қатысу заңсыз әрекет екенін айтты. Ал "соғыс кезінде адамдарды аттың ба?" деген сұраққа айыпталушы адамдарды емес, "шабуылдаушы нысанды" атқанын жеткізді. Сот барысында прокурор Елдос Жаппар айыпталушының ісі заңға қайшы екеніне, Қазақстанның Украинаға ешкімді жөнелтпегеніне ескертті.

Сот барысында Никита С 2017 жылдың шілдесінде гараж иелері Имамәли Аббасов пен оның туысы Руслан Рустамовты өлтіргенін де мойындады. Оның айтуынша, марқұмдар оған және өзімен бірге сотталып жатқан 31 жастағы Павел Л-ға жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген.

Іс материалдарына сәйкес, "сотталушы тапаншамен әуелі Русланды басынан атқан. Кейін қашып бара жатқан Имамәлиді қуып жетіп, бүйірінен және басынан атқан. Екі ер адамның мәйіті гараждан табылған".

Оқи отырыңыз: "Шығыс Украинада соғысқан" теміртаулық сотқа тартылды

2014 жылдан бері Қазақстанда Украинаның шығысындағы жанжалға байланысты бірнеше адам жауапқа тартылды. Олардың кейбірі шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін жазаланған. Өзгелері әлеуметтік желілерде Украинадағы жағдайды талқылап, "араздық қоздырды" деген айыппен сотталған.

Ресей Қырымды аннексиялап алған соң басталған Украинаның шығысындағы қақтығыстан 10 мыңнан астам адам мерт болды. Ресейдің Украина ісіне араласуы көрші елдердің, оның ішінде Қазақстанның да алаңдаушылығын тудырған.

XS
SM
MD
LG