Accessibility links

"Шығыс Украинада соғысқан" теміртаулық сотқа тартылды


Украинаның шығысында жүрген қарулы адам.

Сотта 31 жастағы теміртаулық тұрғын Украинаға екі рет барғанын шығыс Украинада сепаратистер жағында "ерікті" ретінде соғысқанын мәлімдеді. "Украинада соғысқан" Никита С. Теміртауда екі адамды өлтірді деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

Қарағанды сотында "шетел территориясындағы қарулы қақтығысқа қатысу" және "екі адамды өлтіру" ісі қаралып жатыр. Теміртаулықтар 31 жастағы Никита С. және 32 жастағы Павел Л - күдікті.

Сотта айтылған дерек бойынша, Никита шығыс Еуропада сепаратистер жағында қарулы қақтығысқа қатысқан. Бұл әрекеті үшін ол бес жылдан тоғыз жылға дейін сотталуы мүмкін. Екінші сотталушыны "аса ауыр қылмысты хабарламай, жасырып қалғаны" үшін жауапқа тартып жатыр. Іс материалдарындағы деректерде Никитаның "шығыс Украинаға барып жүргені" кісі өлтіру ісін тексеру кезінде анықталғаны жазылған.

"ҚҰДІРЕТТІ ДОН ӘСКЕРІ" ҚАТАРЫНА КІРГЕН

Прокурордың сотта оқыған айыптауларындағы деректерге қарағанда, Теміртаудың 31 жастағы тұрғыны Никита С. Украинадағы оқиғалар туралы интернеттен оқып, қарулы қақтығысқа қатысу үшін сол жаққа аттануды ұйғарған. Украинаға жалданып барғанын білдіретін дерек жоқ. Прокурордың сөзінше, сотталушы "Матвей Платов атындағы құдіретті Дон әскері" қатарына кірген. Ашық ақпаратқа сәйкес, "Марк Платов атындағы полк" - 2014 жылы мамырдың басында Украинаның шығысында құрылған қарулы топ.

Айыптаушы тараптың дерегінше, Никита С. Украина шығысындағы қарулы қақтығысқа ерікті түрде әрі заңсыз қатысқан. Іс материалдарына сәйкес, бірінші жолы ол Украина территориясына 2015 жылғы ақпанда барып, ол жақта желтоқсанның аяғына дейін болған. Одан кейін Теміртауға оралған. 2016 жылы көктемде қарулы қақтығысқа қатысу үшін ол Украинаға тағы баруды ұйғарып, Луганск аймағында 2017 жылы ақпанға дейін болған. Прокурор айтуынша, Никитаны Украинаның шығысына Қазақстаннан ешкім жібермеген.

Оқи отырыңыз: Украина дағдарысы туралы барлық ақпарат

Прокурордың сөзінше, "ол Платов атындағы бірінші казак полкы құрамына қайтадан кіріп, Луганск жақта болған. Кейін Қазақстанға қайта келіп, Теміртау қаласындағы автосервисте жұмыс істеген".

Іс материалдарына қарағанда, Никита гараж иелері Имамәли Аббасов пен оның туысы Руслан Рустамовты өлтірген. Енді 31 жастағы жігітті "екі адамды да өлтірген" деп айыптап жатыр. Тергеу болжамынша, екі адамды өлтіруге гаражды жалға алу ақысына қатысты дау себеп болған. Күдіктілер жалға алу келісім-шарты болмағанын айтады. Іс материалдарына сәйкес, "сотталушы тапаншамен әуелі Русланды басынан атқан. Кейін қашып бара жатқан Имамәлиді қуып жетіп, бүйірінен және басынан атқан. Екі ер адамның мәйіті гараждан табылған".

Мерт болғандардың туыстары сот ғимаратының алдында тұр. Теміртау, 24 сәуір 2018 жыл.
Мерт болғандардың туыстары сот ғимаратының алдында тұр. Теміртау, 24 сәуір 2018 жыл.

Оқиға 2017 жылы шілдеде болған. Кейін екі адамды өлтіргендерге іздеу жарияланған. Тергеу болжамынша, олар заттарын, құжаттарын жинап, таксимен Новосибирскіге кетіп, сонда жасырынған. Сотта куәгер ретінде түсінік берген таксист оларды Теміртаудан Новосибирскіге дейін апарғанын, кейін екеуіне іздеу жарияланғанын естіп, полицияға хабарлағанын айтқан. Ақыры күдіктілерді Ресей құқық қорғау органдары ұстап, Қазақстанға берген.

- Таныс жігіттермен далада тұрғанбыз. Жанымызға мына екі жігіт келіп, "Новосибирскіге апара аласыңдар ма?" деп сұрады. Екеуі өздерін Саша және Леша деп таныстырды. Сөмкелерін көлікке салып, жолға шықтық. Екеуі жол бойы ұйықтап барды. Бізге "іссапардан келіп едік, енді Ресейде тұратын туыстарымызға барып келуді ұйғардық" деп айтты. Шекарадағы тексеруден сасқалақтамай еркін өтті. Олар Новосибирскінің жаңа бөлігінде түсіріп кетуді өтінді. Қайтар жолда телефонымды қостым. Интернет істеп, WhatsApp арқылы екеуіне іздеу жарияланғаны туралы хабарламалар түсе бастады. Бірден Павлодардың полиция бөлімшесіне бардық, - дейді куәгер таксист.

"СОҒЫСТЫҢ ҚЫЗЫҒЫНА ТҮСІП КЕТКЕН ҒОЙ"

Сотқа жәбірленуші тарап ретінде қатысып жатқан марқұмдардың туыстары "қылмыс жайлы хабарламады" деп айыпталған екінші сотталушыны да адам өлтірді деген айыппен соттау керек деп санайды.

Жәбірленушілер туыстарын Украинаның шығысындағы қарулы қақтығысқа қатысқан адам өлтірген деп күдіктенеді.

Ол тіпті гаражға символикалық ту іліп қойған. Шамасы, бұл жігіт соғыстың қызығына түсіп кеткен.

- Ол тіпті гаражға символикалық ту іліп қойған. Шамасы, бұл жігіт соғыстың қызығына түсіп кеткен. Екеуінің туыстары тіпті бізге келіп сөйлескен де жоқ, алдымыздан өткен жоқ. Керісінше, өздерін, құдды біз кісі өлтіруші, ал олар жәбірленуші сияқты ұстайды, - дейді марқұм Имамәли Аббасовтың баласы.

Бұған қоса, ол моральдық және материалдық шығынды өндіріп беруді сұрап, сотқа жүгінетінін айтты.

Сотталушы Никита С. "Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысты" деген айыпты ғана мойындап, "екі адамды өлтірді" деген айыпты жоққа шығарады. "Қылмыс жайлы хабарламады" деп айыпталған екінші сотталушы судьяның "Айыбыңызды мойындайсыз ба?" деген сұрағына "толық мойындаймын" деп жауап берді.

- Кешірім сұрайтындай қылмыс жасаған жоқпыз. Туыстарына жанымыз ашиды, әрине. Бірақ жүгенсіздік сендер жақтан болды ғой, жігіттер, - дейді Никита С. марқұмдардың туыстарына қарата.

- Шын мәнінде, бізге соғыс ашқандарыңды білесіңдер. "Үйлеріңе барамыз" деп қорқыттыңдар. Ал үйде анам, қарындасым бар, - деді екінші сотталушы Павел Л.

Сот залында әйнек қоршаудың ішінде отырған сотталушыларды күзетші бақылап тұрды. Екеуі өздерін қаймықпай ұстады. Сот Никита "Украина территориясындағы қарулы қақтығысқа қатысты" деген айыпты толық мойындағандықтан, сот қазір екі адамды өлтіруге қатысты істі қарап жатыр.

- Ұлымның қоғамдық қорғаушысы болуға рұқсат етпей қойғаны үшін күйінемін. Бұл онымен жолығудың жалғыз мүмкіндігі еді. Өйткені онымен жолықтырмайды. Тергеуге кедергі болмасын деп әдейі солай істеген шығар, - дейді Никитаның анасы Азаттық тілшісіне.

ҚҰПИЯ КУӘГЕР ЖӘНЕ ҚОҚАН-ЛОҚЫ

Сотта құпия куәгер бар. Оған қатысты деректер толық құпия сақталған. Сотталушылардың бірінің адвокаты "айтқандары сараптама ұйғарымына қайшы" деген уәж айтып, құпия куәгерді сотқа әкелуді талап етеді. Судья адвокаттың бұл өтінішін қабылдамады.

Айыпталушы Павел Л-дың қарындасы сотта "жәбірленушілер қоқан-лоқы жасады" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, қастандықтан екі күннен кейін ол таңсәріде көлігінің жанына "белгісіз зат қойып жатқан" бейтаныс екі адамды байқап қалған. Сотталушылар да "бізге қоқан-лоқы жасады" деп мәлімдеді. Марқұмдардың туыстары да қоқан-лоқы туралы айтты.

Оқи отырыңыз: Сепаратистер сапында жалдамалы өзбектер бар

Адвокаттар мен судья сотталушының қарындасы тергеуде айтқан сөздеріне қарама-қайшы жауап беріп жатқанына назар аударды.

Айтқандарыңыздан айнып, ағаңызға осы арқылы көмектесуге тырысып тұрсыз ба? Бұл іспен адвокаттар айналыссын. Ал сіз заң шеңберінде көмектесіңіз, заңмен тіреспеңіз. Әлде сізден біреу осындай түсінік беруді сұрады ма? – деп сұрады судья.

Куәгер "ол кезде есеңгіреп қалған болатынмын" деп қысқа жауап берді.

Бұған қоса, сотта бірнеше жыл бұрын Павел С.-ның қарындасы үйден қару көріп, бірақ ол жайлы ешкімге хабарламағаны айтылды. Хаттамаға қарағанда, үйде көрген қару - шолақ мылтық болған. Ал екі ер адамды 16 калиберлі тапаншамен атып өлтірген. Тапанша әлі табылған жоқ.


2014 жылдан бері Қазақстанда Украинаның шығысындағы жанжалға байланысты бірнеше адам жауапқа тартылды. Олардың кейбірі шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін жазаланған. Өзгелері әлеуметтік желілерде Украинадағы жағдайды талқылап, "араздық қоздырды" деген айыппен сотталған.

Ресей Қырымды аннексиялап алған соң басталған Украинаның шығысындағы қақтығыстан 10 мыңнан астам адам мерт болды. Ресейдің Украина ісіне араласуы көрші елдердің, оның ішінде Қазақстанның да алаңдаушылығын тудырған.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

AzattyqTV

Митинг өтпеген күнгі жаппай ұстаулар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00
XS
SM
MD
LG