Accessibility links

Астанада жер митингісін өткізуге рұқсат сұраған азаматтар Іңкәр Тиштыбаева және Әбдуәлі Тағай 18 мамырда Астана қалалық әкімдігіне барып, өтініштеріне жауап беруін сұраған. Бұл турасында Азаттықтың Астанадағы тілшісі Мәди Бекмағанбет хабарлады.

10 мамырда астаналық белсенділер Мақсат Ілиясұлы, Іңкәр Тиштыбаева, Раушан Торбаев және Әбдуәлі Тағай мамырдың 21-і күні жердің сатылуына қарсы бейбіт митинг өткізу туралы өтініш берген еді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Астана қалалық әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының жетекшісі шығып, екі азаматқа “бейбіт жиынды өткізуге арналған арнайы жерлер бар, осыған орай өтінішіңізді қанағаттандырмаймыз” деп жауап берген. Қолдарына жазбаша жауапты ұсынған.

Бұған қоса, бүгін бұл екі азаматты жергілікті полиция түсіндірме жұмыстарын жүргізуге шақырғаны белгілі болды.

Бүгін таңертең астаналық белсенді Қайырлы Омарды да үйінен полиция алып кеткен еді. Түстен кейін ол Азаттық тілшісіне:

- Олар хаттамаға қол қойыңыз деді. Маған Facebook желісінде жарияланған постымды "айғақ" ретінде көрсетеді. Кеше уақытша қамау изоляторының алдында тікелей эфир беріп, сол кезде "митинг өткізуге арыз берілді, өзімнің азаматтық ұстанымым бар, іштей ол митингіге дайындалып отырмын. Әлі жауап жоқ" деп айтқам. Ол жерде тек мен өзімнің пікірімді ғана айттым. Елді-жерді қорғау керек деп. Бірақ ешкімді шақырған жоқпын. Соны полицияда айттым, - деді.

Мамырдың 17-сі күні кешке Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұған дейін “жер туралы бейбіт митинг өткізбек болған” белсенді Мақсат Ілиясұлын әкімшілік кодекстің 488-бап, 1-тармағы (бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік жазаға тартып, бес күнге қамаған еді. Бұған қоса, өзге астаналық белсенді Раушан Қалмомынұлын да осы баптың 3-тармағы бойынша бес тәулікке қамаған.

2016 жылғы сәуір мен мамыр айларында Қазақстанның көптеген қалаларында өткен үкіметтің жер реформасына қарсы наразылық акцияларынан соң президент Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялаған. Оған шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заң баптары да қосылған. Одан кейін үкімет жанынан жер реформасын халықпен бірге талқылау үшін арнайы комиссия құрылған. Кейін осы комиссия жұмысы негізінде Қазақстан парламенті Жер туралы заңды қабылдап, президентке жіберген.​

2017 жылы қарашада Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты “Алаш жолы” қоғамдық бірлестігінің мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп танып, оны жою туралы қаулы шығарған. Тіркемеу туралы шешім Астана қаласының Есіл аудандық мемлекеттік кіріс департаментінің мемлекеттік кіріс басқармасының шағымы бойынша қабылданған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Тұрақты жұмыс табудың михнаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:35 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG