Accessibility links

Ақтөбеде Мирзоян ескерткішін алып тастады


Жергілікті белсенді Бақытжан Құрманов Мирзоян ескертішінің орнын көрсетіп тұр. 18 мамыр 2018 жыл, Ақтөбе қаласы.

Мамырдың 17-сінен 18-іне қараған түні Ақтөбеде Левон Мирзоян ескерткіші алынып тасталды. Ақтөбе қаласының бас сәулетшісі Таңат Шегебаев «идеологиялық тұрғыдан ескірген ескерткіштің мүлдем жойылмайтынын, тек орны ауысқанын» айтады.

-Тұңғыш президент атындағы орталық парктің бір бұрышынан тарихи зона жасақтамақшымыз. Идеологиялық тұрғыдан ескірген ескерткіштерді яғни, Ленин, Фрунзе, Мирзоян ескерткіштерінің барлығын сол жерге қоятын боламыз. Мирзоян ескерткіші әзірше, реставрацияға жіберілді, - дейді бас сәулетші. Бірақ ол ескерткіштің неге түн ортасында көшірілгенін түсіндіріп бере алмады.

Бұл ескерткіш Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде - төрт-бес көше тоғысқан Мирзоян көшесінің бойында 1997 жылдан бері тұрған. Совет өкіметі тұсында Қазақстанды басқарған (1933-1937жж.) Мирзоянның аты мен ескерткіш тасын көшеден алып тастауды жергілікті белсенділер 2014 жылдан бері талап етіп келген. Олар ескерткішті қаланың басқа бөлігіне де апарылғанын қаламай, мүлде жойып жіберу керек деп санайды.

Әйткенмен кезінде осы ескерткішті орнатқан Вардгес Тертерянның ұлы, Ақтөбедегі армяндар қауымдастығының төрағасы Гайк Тертерян жергілікті билік шешімен келіспейді.

«Ұры құсап түн ортасында Мирзоян ескерткішін көшіргендеріне өкпелеп отырғанымыз рас. Бірақ біз ешқандай митинг өткізбейміз, наразылық та білдірмейміз. Левон Мирзоян үлкен бір жүйенің бөлшегі болған адам. Қалай болғанда да оның сол жүйеге қарсы шығуы екіталай нәрсе еді. Оның өзі де сол жүйенің құрбаны болды. 1939 жылы репрессияға ұшырап, Лефортово түрмесінде атылды. Бірақ оның қазақ халқы үшін көп еңбек еткенін ешкім де жоққа шығара алмайды» дейді Гайк Тертерян.

Сәуір айында Ақтөбедегі дәл осы ескерткіш тұрған Левон Мирзоян көшесінің аты ауыстырылып, Әлихан Бөкейхан есімі берілген еді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Тұрақты жұмыс табудың михнаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:35 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG