Accessibility links

Астана соты белсенді Қайырлы Омарды жеті тәулікке қамады


Азаматтық белсенді Қайырлы Омар. Астана, 9 ақпан 2018 жыл

Мамырдың 18-і күні Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Қайырлы Омарды Әкімшілік кодекстің 488-бабының 3-тармағы (бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік жазаға тартып, жеті күнге қамаған. Бұл туралы сотта белсендіні қорғаған адвокат Данияр Сайранұлы мен былтыр күзде билік тіркеуін жойған "Алаш жолы" қоғамдық бірлестігінің мүшесі Зәуре Сағидолдина хабарлады.

Жұма күні Қайырлы Омар Азаттыққа өзін таңертең полиция үйінен алып кеткенін хабарлап, билік өкілдері өзіне Facebook әлеуметтік желісінде "мамырдың 21-іне "жер мәселесі" туралы митинг жоспарланғаны" туралы жариялаған постына қатысты сұрақтар қойғанын, ол митингіге ешкімді шақырмағанын айтқан еді.

- Олар хаттамаға қол қойыңыз деді. Маған Facebook желісінде жарияланған постымды "айғақ" ретінде көрсетеді. Бейсенбіде уақытша қамау изоляторының алдында тікелей эфир беріп, сол кезде "митинг өткізуге арыз берілді, өзімнің азаматтық ұстанымым бар, іштей ол митингіге дайындалып отырмын. Әлі жауап жоқ" деп айтқам. Ол жерде тек өз пікірімді ғана айттым, елді-жерді қорғау керек деп. Бірақ ешкімді шақырған жоқпын. Соны полицияда айттым, - деген еді Қайырлы Омар Азаттық тілшісіне.

Оқи отырыңыз: Өтпеген "митинг" үшін қамауға алып, полицияға шақыртты

Тіркеуі жойылған "Алаш жолы" қоғамдық ұйымы мүшелерінің айтуынша, қазіргі кезде қозғалыстың өзге мүшелерін де полицияға шақырту жалғасып жатыр. Сенбі күні Орыс Мамырбай мен Серік Жаманбевты шақыртқан. Әзірге олармен хабарласу мүмкін болмады.


Мамырдың 17-і күні "Алаш жолы" қозғалысы жетекшілерінің бірі Мақсат Ілиясұлы мен белсенді Раушан Қалмомынұлын сот Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша айыпты деп танып, бес тәулікке қамаған.

Мамырдың 10-ы күні астаналық белсенділер Мақсат Ілиясұлы, Іңкәр Тиштыбаева, Раушан Торбаев және Әбдуәлі Тағай мамырдың 21-і күні жердің сатылуына қарсы бейбіт митинг өткізу туралы жергілікті билікке өтініш берген. Олар 2016 жылғы "жер шерулеріне" түрткі болған негізгі мәселе – ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді шетелдіктерге сатпау және ұзақ мерзімге жалға бермеу туралы жұртшылықтың билікке қойған талаптары орындалмай, биыл сәуірде парламент мақұлдаған жер туралы заң жобасында даулы нормалардың өзгеріссіз қалғанына наразы екендерін айтқан.

Мамырдың 18-і күні белсенділер Астана әкімдігінен "бейбіт жиын өткізетін арнайы жерлер бар, сол себепті өтініштеріңізді қанағаттандыра алмаймыз" деген жауап алған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

"Негативті емес, позитивті түсіріңдер"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00
XS
SM
MD
LG