Accessibility links

Жемилев түрмедегі Балух пен Сенцовтан "өлімге бас тікпеуді" өтінді


Украиналық режиссер Олег Сенцов сот залында. Ростов, Ресей, 25 тамыз 2015 жыл.
Украиналық режиссер Олег Сенцов сот залында. Ростов, Ресей, 25 тамыз 2015 жыл.

Украина президентінің Қырым татарлары істері жөніндегі уәкілі әрі Қырым татарларының жетекшісі Мұстафа Жемилев қазіргі кезде Ресейде қамауда отырған украин азаматтары Владимир Балух пен Олег Сенцовтан түрмеде "өлімге бас тікпеулерін" өтінді. Бұл туралы Укринформ басылымы хабарлады.

Жемилев жақында Балухпен сөйлескенін айтады. Ресей түрмесінде аштық жариялап жатқан отандасын мақтан тұтатынын айтқан саясаткер, тұтқын "бостандыққа тірі шығуы тиіс" деп мәлімдеген.

"Ресей гуманистік танытады деп үміттенетін ел емес. Және Сенцовқа да осыны айтқым келеді", - деген Жемилев.

Ресейде түрме жазасына кесілген Олег Сенцов пен өзге де тұтқындарды қолдау акциялары соңғы күндері Киевте де, Мәскеуде де өтіп жатыр. "Послание к человеку" ("Адамға жолдау") кинофестивалі конкурстық бағдарламаларының директоры Алексей Медведев Сенцовты Украинадағы өзге тұтқынға алмастыруды талап етіп Ресей президенті әкімшілігінің алдына пикетке шыққан.

"Свободное слово" ассоциациясының мүшелері де түрмедегі украин режиссерін босатуды талап еткен. Журналист Виктория Ивлева, жазушы Алиса Ганиева және аудармашы Наталья Малевич сенбі күні Мәскеудегі Пушкин алаңында Сенцовты қолдау акциясын өткізіп жатыр.

Ресейлік арнайы қызмет өкілдері 2014 жылы наурызда Қырымда украиналық режиссер Олег Сенцовты белсенді Александр Кольченкомен бірге ұстаған. Оларға "түбекте теракт ұйымдастырған" деген айыптар тағылған. 2015 жылғы тамызда Ресейдің Дондағы Ростов қаласының соты екеуін айыпты деп танып, Олег Сенцовты 20 жылға, Александр Кольченконы – 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Екеуі де өздеріне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан.

Биыл мамырдың 14-і күні Ресей түрмесінде отырған Сенцов мерзімсіз аштық жариялаған.


Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін түбекте тұратын Владимир Балух үйінің төбесіне Украина туын іліп қойған және Ресей паспортын алудан бас тартқан. Биыл қаңтарда Ресей билігіне бағынышты Қырым соты Балухты 3 жыл 7 ай қоныс колониясында ұстауға үкім еткен. Бұған қоса оған "заңсыз оқ-дәрі мен жарылғыш зат сақтағаны" үшін 10 рубль айыппұл кескен. Владимир Балух өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген. Құқық қорғаушылардың болжамынша, украиналық белсендіге тағылған айыптар қолдан құрастырылған болуы мүмкін. Балух өзі "заңсыз" деп санайтын сот үкіміне наразылық ретінде биыл наурыздың 19-ы күні тергеу абақтысында мерзімсіз аштық акциясын бастаған.

Ресейдегі "Мемориал" құқық қорғау орталығы Владимир Балух, Олег Сенцов пен Александр Кольченконы саяси тұтқындар деп таныған.

XS
SM
MD
LG