Мамырдың 21-і таңертең қаруланған белгісіз адамдар Ауғанстанның оңтүстігіндегі Кандагар провинциясында кемінде бес саперды атып өлтіріп, біреуін кепілдікке алған деп хабарлады жергілікті полиция бастығы генарал Абдул Разикке сілтеме жасай отырып Ауғанстанның TOLO жаңалықтар арнасы.
Ақпаратқа сәйкес, саперларды Түркіменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан (TAPI) бағыты бойынша газ құбыры өтетін орындарды жарылғыш заттардан тазартып, залалсыздандыру үшін Aims De-mining компаниясы жалдаған.
Оқиға Майванд ауданында саперлар қолмен жасалған миналарды залалсыздандырып жатқан кезде болған. Генерал Разиктің айтуынша, шабуылды талиб содырлары жасаған. Ал “Талибан” әзірге, шабуылға қатысты еш түсініктеме бермеді.
Газ құбырын салу бойынша ірі TAPI жобасының ауған бөлігін салуға қатысты құрылыс жұмыстары осы жылы ақпан айында басталды деп жарияланған, алайда құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Құны он миллиард АҚШ доллары болатын газ құбыры жобасының Ауғанстаннан өтуі оған инвестор табуды қиындатып отыр.
ПІКІРЛЕР