Accessibility links

Шымкенттік белсенді 15 тәулікке қамалды


Шымкенттік белсенді Ибрахим Әлсерке сотта сөйлеп тұр. Шымкент, 22 мамыр 2018 жыл.
Шымкенттік белсенді Ибрахим Әлсерке сотта сөйлеп тұр. Шымкент, 22 мамыр 2018 жыл.

22 мамырда Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты белсенді Ибрахим Әлсеркені Әкімшілік кодекстің "митинг, пикет өткізу ережесін бұзу" бабы бойынша айыпты деп тауып, 15 тәулікке қамады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлайды. Істі судья Серік Ниязбек қарады.

Белсенді жер заңына қарсы митинг туралы ақпарат таратты деп күдікке ілінген. Сот отырысында Ибрахим Әлсерке айыппен келіспейтінін, Facebook желісіндегі парақшасына "21 мамыр бірің қалмай шеруге шық. Шал кет" деген пост жазбағанын және ондай жазбаны бөліспегенін айтты.

Іспен бірнеше минут танысқан прокурор соттан белсендіні айыпты деп тануды, 15 тәулікке қамауды сұрады. Сот белсендіні 15 тәулікке қамауды ұйғарды.

22 мамырда Астана уақыты бойынша таңғы 11 шамасында Ибрахим Әлсерке мен Жарқынбек Сейтінбетті полицейлер үйінен алып кеткен.

Бұған дейін астаналық белсенділер мамырдың 21-і күні жер митингісін өткізетінін хабарлаған. Астана мен Шымкент қалаларының әкімдігі белсенділерге жер митингісін өткізуге рұқсат бермеді.

Мамырдың 21-і күні Астана мен Шымкент қалаларында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, Астанада алаңға келген бірнеше адам ұсталды.

Ибрахим Әлсерке 2016 жылы жер митингісінде де әкімшілік жауапқа тартылып, 15 тәулікке қамалып шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG