Accessibility links

Марк Цукерберг Еуропарламентте сөз сөйледі


Facebook басшысы Марк Цукерберг Еуропарламент депутаттары алдын сөйлеп тұр. 22 мамыр 2018 жыл, Брюссель
Facebook басшысы Марк Цукерберг Еуропарламент депутаттары алдын сөйлеп тұр. 22 мамыр 2018 жыл, Брюссель

Сейсенбі күні Facebook басшысы Марк Цукерберг Брюссельде Еуропарламент депутаттарымен кездесіп, сөз сөйлеген. Кездесу барысында Cambridge Analytica фирмасы арқылы қолданушылардың жеке деректерінің жарияланып кету мәселесі сөз болған.

Цукербергке депутаттар Facebook-тың әлеуметтік желі нарығын жаулап алуы, жеке деректерді қорғау аясында америкалық және еуропалық заңнаманың өзара үйлесімділігі, пікір айту еркіндігі, қолданушылар дерегінің өзге мүддесіне орай пайдалануы тұрғысында әлеуметтік желі иесінің жауапкершілігі туралы сұрақтар қойған.

Сәуір айының басында Цукерберг Вашингтонда Капитолий сарайында АҚШ заң шығарушыларының алдында сұрақтарға жауап берген еді. Дәл сол кездесудегідей, бұл жолы да Цукерберг компанияның қолданушылар деректерінің қауіпсіздігі мәселесінде қателік жібергенін мойындап, қызметкерлерінің мәселені түзеу үшін жұмыс істеп жатқанын айтқан.

Сейсенбі күні Цукерберг Еуропарламентте депутат сұрақтарына жауап беріп жатқан шақта нарықта Facebook компаниясының акция құны сәл арзандады.

Бұған дейін Cambridge Analytica компаниясының Facebook қолданушыларының деректерін түрлі елдерде саяси жарнама жасауға қолдану үшін жинағаны белгілі болған. Соңғы мәлімет бойынша, компания Facebook-тің 87 миллион қолданушысының мәліметіне қол жеткізген болуы мүмкін.

Facebook-тің негізін салушы Марк Цукерберг мәліметтер базасының бұзылғанына және саяси кампания кезінде әлеуметтік желінің "жалған хабар" таратып, жеккөрушілікті тудыруда пайдаланылғанына кінәлі екенін мойындаған. АҚШ-та жүргізіліп жатқан тергеу мәліметінше, Facebook АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында сайлау кампаниясына килігу үшін ресейлік "интернет-тролльдерді" пайдаланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG