Accessibility links

Діни қызмет туралы заң жобасы мақұлданды


Парламент мәжілісінің пленарлық отырысы
Парламент мәжілісінің пленарлық отырысы

23 мамырда парламент мәжілісі пленарлық отырыста "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң жобасын қарап мақұлдады. Бұл туралы жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерманның айтуынша, заң жобасы бойынша үш кодекс, тоғыз заңға өзгерістер енгізіледі.

- Депутаттар енгізген түзетулер дін қызметі саласында заңнама талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемін қайта қарастыруға бағытталған. Кәмелетке толмағандардың діни рәсім, жоралғылар мен жиындарға қатысу мәселесін депутаттар діни бірлестік өкілдерімен бірлесіп қарап, [нәтижесінде] бұл ереже өңделді, - деп айтқан Мұхтар Ерман.

Оның айтуынша, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің діни шараларға қатысуы үшін ата-аналарының келісімі керек болады.

Заң жобасында “деструктивті діни ағым”, “діни радикализм” жаңа ұғымдары бар. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің айтуынша, заң жобасының мақсаты – “мемлекет пен конфессиялар арасындағы қарым-қатынасты жетілдіру, діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін нақтылау, дін саласын реттеу”.

Заң жобасында мемлекеттік қызметкерлердің діни әрекеттеріне байланысты талаптар, діни бірлестіктердің қызметін бақылау, жазалау мекемелеріндегі сотталушылардың діни әрекетін реттеу, шетелде діни білім алуға қатысты мәселелер қамтылған.

Жоба қоғамдық орындарда ниқаб киюге, құлшылық ету орындарынан бөлек жерде неке қиюға тыйым салады. Бұл талаптарды бұзғандарға айыппұл салынады. Бұған қоса, діни мекемелердің ашықтық мәселелері де қарастырылған.

Ертеректе "Форум-18" құқық қорғау ұйымы сайтының редакторы әрі журналисі Феликс Корли үкімет әзірлеген діни бірлестіктер туралы заң жобасы Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындаудағы кемшіліктерді жоймай, керісінше еселей түседі деген пікір білдірген. Ал Орталық Азиядағы діни ахуал, ұлттық бірегейлік және совет мұрасын зерттеуші, Назарбаев университетінің доценті Хелен Тибо Азаттыққа экстремизмнің алдын алу шаралары ретінде көрсетілетін тыйымдар мен шектеулерден тұшымды нәтиже шықпайды, олар жаңа проблемалар тудыруы мүмкін деген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG