Accessibility links

Юлия Скрипаль болашақта Ресейге оралғысы келетінін айтты


Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы агенті Сергей Скрипальдің қызы Юлия Скрипаль Reuters агенттігіне сұхбат беріп тұр. Лондон, 23 мамыр 2018 жыл.
Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы агенті Сергей Скрипальдің қызы Юлия Скрипаль Reuters агенттігіне сұхбат беріп тұр. Лондон, 23 мамыр 2018 жыл.

Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы агенті Сергей Скрипальдің қызы Юлия Скрипаль "болашақта Ресейге оралғысы келетінін" мәлімдеді. Бұл туралы ол Reuters агенттігіне берген сұхбатында айтқан. Биыл наурызда Ұлыбританияның Солсбери қаласында әкесімен бірге уланып, ауруханадан шыққаннан кейін Юлия Скрипаль журналистермен алғаш рет сөйлесті.

Юлия Скрипаль қатты әсер ететін удан қалпына келу процесі "баяу және ауыр" өтіп жатқанын айтқан. Әкесінің денсаулығының түзеліп келе жатқанын ол "үлкен сәттілік" деп атаған. Юлия Скрипаль сонымен бірге ешкімнің өз атынан және әкесі атынан мәлімдеме жасағанын қаламайтынын және Ресей елшілігінің көмегіне жүгінгісі келмейтінін атап өткен.

Юлия Скрипальдің Reuters агенттігіне берген сұхбаты (орысша):

Солсбериде уланған Юлия Скрипальдің сұхбаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

Наурыздың 4-і күні Ұлыбританияның Солсбери қаласында Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипаль ес-түссіз күйде табылған еді. Екеуі біраз уақыт ауруханада естерін жимай жатты. Кейінірек жағдайлары тәуір болып, ауруханадан шықты. Қазіргі кезде Скрипальдардың қай жақта екені белгісіз.

Лондон олардың совет ғалымдары жасап шығарған "Новичок" атты жүйкені зақымдайтын заттан уланғаны туралы мәлімдеген. Британдық арнайы қызмет өкілдері әлгі у Ресейде шыққан деген болжам жасаған. Мәскеу мұны жоққа шығарады.

Әкелі-балалы Скрипальдерге қарсы қастандық Батыс елдері мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты нашарлатып жіберді. Шамамен 30 ел Ұлыбританияға ынтымақтастық белгісі ретінде Ресей дипломаттарын еліне қайтарған. Ресей де оған жауап ретінде батыс дипломаттарын өз аумағынан шығарған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG