Accessibility links

Астанада ҰҚШҰ қауіпсіздік хатшыларының кездесуі өтіп жатыр


Бішкекте өткен ҰҚШҰ ресми емес саммиті
Бішкекте өткен ҰҚШҰ ресми емес саммиті

Астанада өтіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ-ОДКБ) қауіпсіздік кеңес хатшыларының кездесуінде халықаралық терроризммен күрес шаралары талқыланып жатыр.

"13 мәселе қаралады. Олардың бастысы – ОДКБ-ның жауапкершілік аймағында ұжымдық қауіпсіздіктің қиындықтары мен қауіп мәселелері. Бұған қоса, халықаралық терроризм мен экстремизммен күрес бойынша қосымша шаралар талқыланады” деп мәлімдеді Ресей қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Евгений Аношин.

Бұдан бөлек, кездесуде ОДКБ-ға мүше елдердің ақпараттық саясатының үйлесімді дамуы, 2019 жылы басқарма органын ортақ дайындау, ұжымдық қауіпсіздік жүйенің күштері мен ресурстар мәселесі талқыланады.

“Тараптар ҰҚШҰ елдеріне арналған әскери мамандарды дайындау жоспарына қол қояды деп жоспарланып отыр. Жоғары деңгейде бекітілген 2025 жылға дейінгі ұжымдық қауіпсіздік стратегияларын жүзеге асыру жоспарын орындауға басты мән беріледі. Бұл жоспарға ОДКБ форматында террористік деп танылған ұйымдардың біріңғай тізімін құрастыру міндеті де енгізілген” деді Евгений Аношин.

Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев шараның ашылуы кезінде:

- Жиын Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезеңінде өтіп жатыр. Халықаралық жағдай күрделеніп, конфликт мүмкіндіктері артқан шақта және әлемнің жекелеген аймақтарындағы жағдайлар тұрақсызданған кезде ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында өзара әрекет ету деңгейін арттыру қажеттілігі артып отыр” деп атап өткен.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңес хатшыларының комитеті –ұлттық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету саласындағы ОДКБ-ның консультативтік және атқару органы.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім-шартқа 1992 жылы 15 мамырда қол қойылған.

Ұйымға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Армения және Белоруссия кіреді. Өзбекстан ұйым мүшелігінен 2012 жылы шыққан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG