Accessibility links

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов "шекараны заңсыз кесіп өтті" делінген этникалық қазақ Сайрангүл Сауытбектің мәселесіне қатысты ешнәрсе білмейтінін, мәліметі жоғын мәлімдеді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, үкімет жиынынан соң журналистер сауалына жауап берген министр "Бізде дәл қазір біздің 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп жауап берді.

Әбдірахманов Қытайда ұсталып, қамауда болған, Қазақстан азаматтығын алған 12 этникалық қазақтың 9-ы босатылғанын, Қытай тарапы әрбір азамат туралы мәлімет беріп отырғанын да айтты. Ол осы айда Қытайға барған сапарында осы ел сыртқы істер министрі Ван Имен кездесуде этникалық қазақтар жайын қозғағанын жеткізді.

"Бұл жұмыстарға біздің консулдық араласып отыр, Қазақстандағы Қытай елшілігі, Алматыдағы бас консулдығымен тұрақты келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл бағытта еш кедергі жоқ" деді Әбдірахманов.

Алматы облысының тұрғыны Уәли Сіләм өткен аптада әйелін “Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті” деген айыппен Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) өкілдері алып кеткенін айтқан. Уәли Сіләм әйелі Сайрангүл Сауытбек Қытайда "шекараны заңсыз кесті" деп айыпталғандықтан және Қазақстан азаматын алмағандықтан оны Қытайға экстрадициялауы мүмкін деп алаңдайды.

Бұған дейін Қытай қазақтарының қысым көріп жатқаны туралы көп ақпарат шықты. Қытайда қазақтардың қысым көре бастағаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан бастап хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде германиялық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.

Назарбаев Шыңжаңда қамалған қазақстандықтардың мәселесін шешуді Сыртқы істер министрлігіне тапсырған. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін берген сирек комментарийлерінде Қытайда қамалған қазақстандықтардың бар екенін растап, оларды босату бойынша Пекинге нота жолдағанын, Шыңжаң өлкесінің жетекшілігімен келіссөз жүргізгенін айтқан.

Оқи отырыңыз: Шыңжаңдағы "саяси лагерьді" ішінен көрген қазақ

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 22.06.2018
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:14:18 0:00
XS
SM
MD
LG