Accessibility links

«Қытай қазақтарының жайын айтқаным – адамгершілік парызым»


Германияда тұратын этникалық қазақ Өмірхан Алтын. Алматы, 1 шілде 2017 жыл.
Германияда тұратын этникалық қазақ Өмірхан Алтын. Алматы, 1 шілде 2017 жыл.

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында президент Назарбаевқа шеттегі қандастарының жайын айтқан этникалық қазақ «үлкен кісі көп нәрсені жақсы ойлайды, бірақ төңірегіндегілердің ынтасы мен ықыласы жетпей қалатын шығар» деп жориды.

Азаттық жазған жайт – Қытайдағы қазақтардың «қысым көріп жатқандары» Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында да сөз болды. Жиында оны Германияда тұратын этникалық қазақ Өмірхан Алтын айтып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұраған.

Өмірхан Алтын Азаттық тілшісімен әңгімесінде осы оқиға туралы және шеттегі қазақтар қандай жәрдемге мұқтаж екені жайлы пікірлерін айтты.

Азаттық: – Құрылтайда Қытай қазақтарының қысым көруі жайлы мәселені көтеруіңізге не себеп болды?

Өмірхан Алтын: – Дүниежүзі қазақтары құрылтайға не үшін жиналады? Меніңше, шетелде тарыдай шашырап жүрген қазақтардың жайын, болашағын талқылау үшін жиналады. Сондықтан қазақтың үлкен бір бөлігі тұрып жатқан Қытайдағы қазіргі жағдайға назар аудармаса, құрылтайдың қандай мағынасы болады? Сол себепті адамгершілік парызымды өтеу үшін Қытай қазақтары туралы бір ауыз сөз айтып қалуым керек болды.

Азаттық: – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшыларының бірі құрылтай қарсаңында «Жиында Қытай қазақтарының мәселесі айтыла ма?» деген сауал қоймақ болған Азаттық тілшісіне «Басымды қатырмашы» деп жауап берген еді.

Осы орайда сіз қауымдастық айтпаған мәселені қозғап, көңілдеріне қаяу түсірген жоқсыз ба?

Өмірхан Алтын: – Жоқ, ондай болады деп ойламаймын. Сөз сұрағанымда елбасының өзі «шығып сөйле» деді. Менің ойымша, үлкен кісі (президент Нұрсұлтан Назарбаевты айтады – ред.) көп нәрсені жақсы ойлайды. Бірақ төңірегіндегілердің ынтасы мен ықыласы жетпей қалатын шығар, қызметтік деңгейі мен санасы жетпей қалатын шығар. Сондайлардан болып көп нәрсе ескерусіз қалып жатқан болса керек. Әйтпесе қазақ билігінің Қытай қазақтарына деген көзқарасы өте жақсы.

Азаттық: – Оны неден байқауға болады?

Өмірхан Алтын: – Еуропадағы қазақтарға Қазақстан визасы бір жылға берілетін болса, Қытайдағы ағайындарға үш жылға виза ашып отыр. Бұл – арғы беттегі ағайындарға ерекше көңіл бөлу деген сөз. Ептеп болса да жағдайларын жасауға мүмкіндік туғызу. Әрине, Қазақстан миллиардтаған халқы бар Қытай секілді алып ел емес бірден талап қоятын. Бұл да – мемлекеттік саясат.

Өмірхан Алтын (оң жақ төбедегі экрандағы адам) дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Қытайдағы қазақтардың жағдайын айтып тұр. Астана, 23 маусым 2017 жыл.
Өмірхан Алтын (оң жақ төбедегі экрандағы адам) дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Қытайдағы қазақтардың жағдайын айтып тұр. Астана, 23 маусым 2017 жыл.

Біз Қытайдан көп нәрсе сұрап отырған жоқпыз. Мысалы, мен Ішкі Қытайды барып көрдім. Олардың еркіндігі туралы салыстырмалы түрде айтсам, көшедегі қарапайым адамнан полициясы қорқады. Ал Үрімжіде керісінше. Біз тек жергілікі қазақтардың Ішкі Қытайдағы тұрғындармен бірдей ерікті болуын ғана сұрап отырмыз. Бұл соншалықты қиын нәрсе емес. Мәселен, осыдан жетпіс неше жыл бұрын аталарымыз да осындай қысым көрді. Енді келіп 21-ғасырда адамдардың сол қысымды тағы көруі деген – масқара, миға қонбайтын нәрселер.

Ол жақтағы қазақтар – екі ел арасындағы көпір. Енді келіп сол көпірді шайқасаң, ол қандай достық?

Екі ел көрші. Кеше ғана «Жібек жолы» ашылды, сауда саттық пен алым-берім бар. Ал ол жақтағы қазақтар – екі ел арасындағы көпір. Енді келіп сол көпірді шайқасаң, ол қандай достық? Менің ойымша, бұл мемлекет басындағылардың емес, жергілікті биліктің жасап отырған тірлігі секілді көрінеді. Сондықтан осы мәселелерді екі ел басшысы тең жағдайда отырып, сөйлесіп шешуге болады.

Азаттық: – Қазақстандық баспасөзде «Қытай қазақтарының мәселесі Германия парламентінде қозғалды» деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты рас?

Өмірхан Алтын: – Германияда адам құқықтары мәселесімен айналысатын әрбір партияның өзінің жеке бөлімшелері бар. Соларға хабарластым. Олар «Кел, сөйлесейік, қандай мәліметтерің бар?» деді. Осы жерде бір нәрсені анықтау керек. Бұл мәселе әлі бундестагқа жеткен жоқ. Әзірге тек облыстық парламент деңгейінде. Бірақ осы күзде парламент сайлауы болады. Осы мәселені қозғауға уәде беріп отырған адам – Бундестагқа өтетін адамдардың бірі. Олар осындай адам құқықтарына қатысты келеңсіздіктерге арнайы барып араласып, олардың жағдайын біліп, әшкерелеп, жария етіп жүреді. Бірақ олармен бет-бет отырып әңгімелесу үшін нақты бір дәлелдер керек. Ол үшін өзіміз бірлесе отырып әрекет етуіміз қажет. Егер бұл мәселеде Қазақстанның шамасы келмей жатса, содан кейін барып ол кісілермен тікелей байланысуға болады.

Азаттық: – Сырттағы қандастарын шақырған аз елдің бірі Германияның «оралмандарын» қабылдаудағы тәсілі қандай?

Өмірхан Алтын: – Қазақстаннан қоныс аударған неміс ұлты өте көп қой. Соларға олардың жасаған ең жақсы ісі – өздерінің неміс екенін құжат жүзінде дәлелдеу. Яғни осы жақта ол кісінің жеке бас құжатында неміс екені жазылса болды. Сосын олар Германияға барып құжат жинамайды. Германия азаматы екенін растайтын паспортты Германияның Қазақстандағы елшілігінен алып шығады. Осындағыдай «сотталмағандығы бар ма, жоқ па» деп құжат жинамайды. Бұл – ұзақ жылғы тәжірибемен келген нәрсе. Бірақ кешегі өткен құрылтайда құрылған қор болашақта көшіп келетін қазақтар үшін көп көмек болуға тиіс.

Азаттық: – Еуропадағы қазақтар бұған дейін түрлі себептермен саясатқа араласа алмады. Ондағы қазақ жастары өздері тұрып жатқан елдердің қоғамдық өміріне кіріге алды ма?

Францияда, Германияда үлкен саясатта болмаса да, біртіндеп жергілікті саясатқа келіп жатқан қазақ жастары бар.

Өмірхан Алтын: – Өзіңіз айтып отырғандай алдыңғы буында тілдік проблемалар болды, өмірге үйрене алмады. Қазіргі жастарда ондай проблемалар жоқ. Еуропаның жоғарғы оқу орындарын бітіріп, үлкен қызметтерге араласа бастады. Францияда, Германияда үлкен саясатта болмаса да, біртіндеп жергілікті саясатқа келіп жатқан қазақ жастары бар. Бірақ қазақ жастары үшін басты проблема – ана тілі.

Азаттық: – Соңғы кездері жиі айтыла бастаған «Еуропадағы қазақ жастары ана тілінен айрылып барады» деген сөз рас па?

Өмірхан Алтын: – Болашақта ақиқатқа айналады. Сол себепті ол жақтағы жоғары білімді мамандарды осында тартып, екі жақты барыс-келісті арттырып, жұмыстар атқару керек. Биылғы құрылтайға шетелде жүрген жас мамандарды көптеп шақырыпты. Бұл – жақсы үрдіс.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG